Жұмыстан заңсыз қуылған тазалықшы сотта жеңіп шықты

706

Арыс қаласындағы емдеу мекемесінің тазалықшысы боп еңбек еткен Роза Жақсылықова жұмысынан заңсыз шығарылғандығын айтады. 2017  жылдың 21 қыркүйегінде бөлімшедегі келеңсіз жәйттен кейін бөлім меңгерушісі тазалықшыға өз еркімен кету туралы арыз жазып беруін талап еткен. Басшысынан сескенген ол жұмыстан кету туралы арызын жазып бергенін айтады.

1998 жылдан бері Арыстағы медициналық мекеменің тазалықшысы боп жұмыс істеген Роза алты баланың анасы. «Екі қолға бір күректің» табыла кететіндігіне күмән келтірген ол жұмыстан заңсыз шығарылғандығын айтып бас дәрігерге, облыстық еңбек инспекциясына барған. Нәтижесі болмаған соң әділдік іздеп соттың құзыретіне жүгінген.

«Сотқа жүгінгенде қатты жүрексіндім. Заң талаптарын да түсіне бермейді екем. Бірақ әділдікті күттім. Арыс аудандық сотының судьясы Мекембай Гүлмираның объективтілігі мен тәуелсіздігіне, принцпшілдігі мен туралығына риза болдым «-дейді ағынан жарылған көпбалалы ана.

Арыс аудандық соты Роза Жақсылықованы жұмысқа қайта орналастыру және жұмыссыз жүрген уақытындағы жалақысын, яғни 435 200 теңгені өндіру туралы шешім шығарған. Алайда сот шешімімен келіспеген екінші тарап облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым келтірген. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы бастапқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

«Мен құсап жұмыстан айырылғандарға сабақ болса екен деймін. Өз құқыңды қорғай білу керек екен. Соттың әділдігіне, туралығына тәнті боп ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановтың және Арыс аудандық сотының төрағасы А.Ертаевтың атына алғыс хат жолдадық»-дейді көпбалалы қарапайым ана Роза Жақсылықова.

Жанар Есенбекова