Úı ANONS Жұмыс қазақстандықтардың психикалық жағдайына қалай әсер етеді?

Жұмыс қазақстандықтардың психикалық жағдайына қалай әсер етеді?

Танымал жұмыс іздеу сервисінің сарапшылары ірі фармацевтикалық корпорациямен бірлесіп, Қазақстанда адамдардың жұмыс орнында психикалық денсаулық мәселесін қаншалықты ашық талқылауға дайын екенін зерттеді. Осы мақсатта 250-ден астам жұмыс беруші мен 550-ге жуық жұмыс іздеуші арасында сауалнама жүргізілген.

 

Зерттеу нәтижесі қызметкерлердің эмоционалдық жағдайына деген назар күшейіп келе жатқанымен, еңбек нарығында әлі де қорқыныш, стереотиптер және қиын өмірлік кезеңдер мен эмоционалдық күйзелістен кейін адамдарға қалай қолдау көрсету қажеттігін түсінбеу мәселесі сақталып отырғанын көрсетті.

 

Сауалнама қорытындысы көптеген компаниялардың психикалық ерекшеліктері бар қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға әлі де дайын емес екенін көрсетті. Әңгіме күйзеліс, мазасыздық бұзылыстары немесе ремиссия кезеңіндегі ауыр психикалық аурулары бар адамдар туралы болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек теріс көзқараста емес, түсініктің жеткіліксіздігінде. Көп жағдайда жұмыс берушілер мұндай қызметкерлермен қалай дұрыс қарым-қатынас орнатып, қауіпсіз әрі қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру керектігін білмейді.

 

МҰХАМЕД БАҒДАТҰЛЫ, HEADHUNTER ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КОМПАНИЯСЫНЫҢ МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ PR МЕНЕДЖЕРІ: «Әңгімелесу кезінде, егер жұмыс іздеуші өзінің психикалық ерекшеліктері бар екенін айтса, оны жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жұмыс берушілердің жартысынан көбі осындай жағдайда бас тартуға бейім. Қазіргі таңда көптеген жұмыс іздеушілерге, әсіресе зумер буынына, психологиялық жайлылық өте маңызды. Олар үшін дөрекі қарым-қатынас пен қысымның болмауы басты талаптардың бірі».

 

Қазақстандықтар эмоционалдық жағдайға әсер етіп, шаршау мен күйзеліске алып келетін түрлі факторларды атайды. Олардың қатарында шамадан тыс жұмыс жүктемесі, үздіксіз дедлайндар, ұжымдағы шиеленісті атмосфера және толыққанды демалыстың болмауы бар.

 

«Тапсырма өте көп болып, уақыт жетпей жатады. Соның салдарынан күйзеліс пайда болады».

«Кеңседегі жағымсыз атмосфера, адамдардың ұрысып жатқаны саған да әсер етеді, ашуландырады».

«Жұмыс бағаланбағанда, жұмыс көп болып, демалуға уақыт қалмаған кезде эмоционалдық күйіп кету болады».

 

Мамандардың айтуынша, қарапайым шаршау мен эмоционалдық күйіп кету екі бөлек ұғым. Егер шаршау демалыстан кейін басылатын болса, эмоционалдық күйіп кету еңбек демалысы немесе демалыс күндерінен кейін де жоғалмайды. Мұндай жағдайда адамда ашушаңдық, селқостық, сондай-ақ бұрын қызығушылық тудырған жұмысқа деген немқұрайлылық пайда болуы мүмкін.

 

АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ: «Егер адам отырып жұмыс істейтін болса, оған белсенді демалыс қажет. Ал физикалық еңбекпен айналысатын адамға тыныш әрі пассивті демалыс керек. Егер жұмыс үнемі адамдармен араласуды талап етсе, кейде тыныштықта, жалғыз қалуға уақыт бөлген маңызды. Мұнда адамның ішкі дайындығы да маңызды — өзіңді кінәлі сезінбеу, ұялмау және өз денсаулығыңды бірінші орынға қоя білу қажет».

 

Созылмалы эмоционалдық күйзеліс нақты физиологиялық мәселелерге әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, бас ауруы, қан қысымының тұрақсыздығы, жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі бұзылыстар мен ас қорыту мәселелері туындайды. Мұндай жағдайда тек дәрігердің көмегі ғана емес, психологтың қолдауы да аса маңызды.

Нұргүл Жолымбетова