Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары 200-ден аса шымкенттікті қабылдауға дайын. Бұл туралы солтүстіктен арнайы келген делегация мен жергілікті тұрғындардың кездесуінде айтылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударатын тұрғындарға қандай қолдаулар тиесілі?
Физика пәнінің мұғалімі Зафаржан Смағұлов қазір жұмыссыз. Отбасымен солтүстікке қоныс аударуды ұйғарған ол Мағжан Жұмабаев ауданынан келген делегаттардан көштің жай-жапсарын сұрап алды.
Жергілікті тұрғындармен кездескен делегация солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын етене түсіндірді. Айтуларынша, еңбек күші тапшы өңірлерге көшетін тұрғындарға баспана жалдау ақысы, коммуналдық шығындар төленеді. Бос жұмыс орындары ұсынылып, тіпті, кәсіппен айналысуына да жағдай жасалады.
Айта кетейік, мемлекеттік бағдарлама қолға алынғалы солтүстік өңірлерге 700-ден аса отбасы қоныс аударған. Тұрғындар Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған. Жұмысқа қабілетті азаматтар қатарынан 200-ден астам тұрғын тұрақты жұмыс тапқан. Екі қолға бір күрек тапқандардың арасында кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар дейді мамандар.
Мақпал Рысбаева