Осы жаздан бастап Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енді. Енді қызметкер әріптесінің міндетін уақытша атқарса, жұмыс беруші оған қосымша ақы төлеуге міндетті. Бұл еңбек демалысына шыққан, науқастанған немесе өзге себептермен жұмыста болмаған қызметкерлердің орнын басу жағдайларына қатысты. Бұған дейін көптеген мекемелер бұл талаптан жалтарып келген. Жаңа норма қоғамда түрлі пікір тудырды. Мәселен, кейбіреулер оны еңбеккерлердің құқығын қорғау деп бағаласа, енді бірі бизнеске қосымша салмақ түсіреді деп есептейді.
Әріптесіңіз еңбек демалысына шығады немесе сырқаттанып қалады, ал оның міндеттері сізге жүктеледі. Бұл көпшілікке таныс жағдай. Яғни, жұмыс көлемі артады, алайда жалақы өзгеріссіз қалады. Қазақстандықтардың айтуынша, мұндай жағдай жиі кездеседі.
«Әріптесім демалысқа кеткенде мен оны алмастырамын, себебі кейін ол да менің орнымды басады».
Бұған дейін Еңбек кодексінде қызметкердің лауазымдық нұсқаулығында әріптесінің міндеттерін атқару қарастырылса, оған қосымша ақы төленбеуі мүмкін деген норма болған. Көптеген жұмыс беруші осы тармақты пайдаланып келді. Енді бұл талап алынып тасталды. Яғни уақытша басқа қызметкердің жұмысын атқарған адамға міндетті түрде қосымша төлем төленуі тиіс.
СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР: «Заңда бір мәселе нақты реттелмеген. Ол – қосымша төлемнің мөлшері. Оның көлемі тараптардың келісімімен анықталады. Егер жұмысшылардың құқығын қорғау көзделсе, кемінде ауыстырылып отырған қызметкердің жалақысының 50 пайызы көлемінде төлем белгілеу керек еді. Одан көп төлеуге болады, бірақ аз төлеуге болмайды. Ал ең төменгі шек көрсетілмегендіктен, жұмыс беруші 5 пайыз ғана қосымша ақы тағайындауы мүмкін».
Дегенмен жаңа өзгерісті барлық сарапшы бірдей қолдай бермейді. Кейбір мамандардың пікірінше, бизнеске түсетін жүктеме онсыз да аз емес. Өйткені еңбек демалысы, уақытша еңбекке жарамсыздық немесе күтпеген жағдайлар кез келген қызметкерде болуы мүмкін. Сондықтан әрбір осындай жағдайда жұмыс берушіге қосымша міндет жүктеу әділетті емес деген пікір де бар.
АЛМА ЖАНДАУЛЕТОВА, РЕКРУТИНГ АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бүгін әріптесін ауыстырған қызметкердің өзі де кейін еңбек демалысына шығады. Сондықтан бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Егер қызметкер басшысының міндетін атқарып, жалақы айырмашылығы айтарлықтай болса, онда басқа мәселе. Жалпы, жұмыс көлемі шынымен артса, сауатты жұмыс беруші оны сыйақы немесе бонус арқылы өтей алады».
Ал еңбек инспекторларының жұмысы азайған жоқ. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында олар азаматтардан 16 мыңнан астам өтініш қабылдап, еңбек заңнамасының екі мыңнан астам бұзушылық дерегін анықтаған. Нәтижесінде жалпы сомасы 136 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Нұргүл Жолымбетова






