Шымкент қалалық қуыршақ театрының 43-ші маусымы өз мәресіне жетті. Осы кезеңде театр сахнасында қазақ және орыс тілдерінде 300-ден астам спектакль қойылған. Сонымен қатар, өнер ордасы шекара асып, шетелдік көрермендермен де жүздесіп, қазақ қуыршақ өнерінің өрісін кеңейтті.
Шымкент қалалық қуыршақ театры үшін 43-ші маусым табыстар мен толағай жетістіктерге толы кезең болды. Қазақ және орыс тілдерінде сахналанған жүздеген қойылым 40 мыңға жуық көрерменнің көңілінен шығып, театр өнерінің құндылығын тағы бір мәрте айшықтады. Сахна төрінде тіл қатқан қуыршақтар әсіресе бүлдіршіндердің жүрегіне жол тауып, олардың қиялын қанаттандырды.
АСЫЛЫМ СУНАТУЛЛА, КӨРЕРМЕН: «Маған қуыршақ театры ұнайды. Сіздерге үнемін келеміз. Мен Вилла Бамбини садигінен келдім»
Маусым ішінде 5 жаңа спектакль көрерменге жол тартты. Бұдан бөлек, театр әртүрлі гастрольдік сапарларға шығып, шетелдік көрермендерге қазақ қуыршақ өнерінің ерекшелігін паш етті.
САРДАРБЕК МОЛДАБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Осы 43 маусымның аясында Қызылорда облысында, Қызылорда қаласында және Өзбекстан Республикасының Наманган облысында гастрольдік сапарда болдық. Қазақстанның атынан қуыршақ театрының өнерін паш еттік»
Мерекелік шарадан кейін маусымның үздік қойылымдарының бірі саналатын «Қасқыр болғым келеді» спектаклі көрсетілді. Шетелдік шығарма негізінде дайындалған қойылым ұлттық құндылықтар мен жергілікті көрерменнің ерекшеліктері ескеріле отырып сахналанған.
АҚБЕРДІ МҰСАҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ: «Бұл қойылым шетелдік шығарма. Австралиялық Вегкнастың қойылымы. Шетелдік шығарма болғандықтан, оны қазақша аудиторияға балаларға, біздің менталитетке түсіндіру жағы бірінші орында тұр. Қойылымның басты мақсаты — бұл өмірде өз орныңды табу. Яғни сен өз қалпыңда қалу. Біреуге еліктемей, өз жолыңды табу мақсатында»
Айта кетейік, бүгінде қуыршақ театрының репертуарында 200-ге жуық спектакль бар. Сондай-ақ театр қорында 600-ге тарта қуыршақ сақталған. Ұжым келесі маусымда да тың туындылар ұсынып, шығармашылық қорын байыта түспек.
Лаура Бабас






