Úı ANONS Жылыту маусымында 18 адам қаза тапқан

Жылыту маусымында 18 адам қаза тапқан

Түркістан облысында жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселесі қайта көтерілді. Өткен маусымда өңірде тұрғын үйлерде жүзге жуық өрт тіркеліп, 18 адам көз жұмған. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері қандай? Газды пайдалану кезінде тұрғындар қандай талаптарды ескермейді?

 

Түркістан облысында өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде жүзге жуық өрт оқиғасы тіркеліп, 18 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт салдарынан 140 миллион теңге шамасында зиян келген.

 

МЕЙРАМХАН КЕМЕЛХАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымымен салыстырғанда биыл улы газдан улану жағдайы көбейген. Негізгі себептер — мұржаның тозуы, уақытылы тазартылмауы немесе оның мүлдем болмауы. Түтін шығатын мұржаға уақытылы тексеріс жүргізілмейді және тазартылмайды. Сонымен қатар, қауіпсіздік және құрылыс нормалары талаптарын бұзып, газ-су жылытқыштарын жуынатын бөлмеге орнатылуы жиі кездеседі. Сондай-ақ, тұтынушылардың газ пайдалану құрылғыларын өз бетінше орнатуы жиі кездеседі. Кейбір тұрғындар қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдаланады. Тіпті тұтынушының жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған газдан автоматты ажырату құрылғыларын желіден ажыратып қойған деректер де анықталды. Осының салдарынан қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда».

 

Басты мәселе –тұрғындардың газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауында дейді мамандар. Әйтпесе, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал әлеуметтік осал топтағы 34 мыңнан аса отбасының үйі тексерілген. Және 8 мыңнан аса құрылғы орнатылған.

 

АСҚАР ШИПЕКОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ ТҮРКІСТАН ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Газ тұтыну қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылыту маусымы кезеңінде 16 860 тұрғын үй тексеріліп, 98 қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі анықталды. Заңсыз орнатылған газ пештерін пайдаланғаны үшін 15 тұтынушы газ жүйесінен ажыратылды. Сонымен қатар, тұрғындарға 15 183 дана ескерту және түсіндіру парақшалары таратылды»

 

Айта кетейік, Түркістан облысында 801 ауыл бар. Оның 606-сы газбен қамтылған. Жыл аяғына дейін тағы 34 ауылға газ беру жоспарланған.

Дилара Иса