Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биылғы бес айда өңірге 143 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Оның ішінде 32 мыңға жуығы шетелдік турист. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.
Жиында туризм саласындағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі туристік нысандардағы қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік бағыттарды әртараптандыру, гидтерді даярлау және инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әкім жауаптыларға туризм саласын дамыту жұмыстарын жүйелеуді, сондай-ақ, келушілерге қызмет көрсету саласын реттеуді жүктеді.
Өңірдегі туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 36,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Қазіргі таңда облыста 11 туроператор, 45 туристік агенттік және 43 сертификатталған гид қызмет көрсетеді. Туристерге сапалы қызмет ұсыну мақсатында гидтердің біліктілігін арттыру және цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан халықаралық әуежайы арқылы 9 бағыт бойынша тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады.
АСҚАР АБУБАКИРОВ, «OPEN TURKISTAN» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Жыл басынан бері Түркістан облысына 31 823 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келген. Өзбекстаннан жұмыспенде келетіндер бар. 90 пайызы қазақстандықтар. Ал 10 пайызы шетелдіктер».
Айта кетейік, мамандардың мәліметінше, шетелдік туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореядан келген. Бұл Түркістанның халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Нұргүл Жолымбетова






