Қазақстанда рейдерлікке қарсы заң он жылдан бері әзірленбей келеді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында депутат Меруерт Қазыбекова «Ақ жол» партиясы фракциясының атынан Премьер- министрдің бірінші орынбасары және Қаржы министрінің бірінші орынбасарына депутаттық сауалнама жолдады. Ол жең ұшынан жалғасқан шенеуніктердің шағын және орта бизнес өкілдеріне жасап жатқан заңсыз әрекеттерін сынға алды.

Соңғы кезде «Ақ жол» партиясына түрлі сылтаулармен бизнесін тартып алуға барған шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне наразылық білдірген кәсіпкерлердің шағымдана бастағанын айтқан Мәжіліс депутаты «Егер ұры бір адамның затын ұрласа, жемқор бүкіл халықтың мүлкін, оның мемлекетке сенімін ұрлайды», – деді.

Меруерт Қазыбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Егер бұрын рейдерлік шабуылдар ірі және табысы көп кәсіпорындарға жасалса, бүгінде шағын және орта бизнес өкілдері қысым көре бастады. Кәсіпкерлер кәсібін дөңгелетумен бірге оны қорғауға мәжбүр. Тоқ етері, 2009 жылы ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев рейдерлік әрекетке қарсы заң дайындау жөнінде тапсырма берген болатын. Алайда он жыл өтті, маңызды құжат осы күнге дейін қабылданбады. Біз осы мәселені жоғары деңгейде қаралуын ұсынамыз».

Шынар Оразова