Мәжілісмен Қазығұрт ауданындағы мектептердің құрылысымен танысты

36
фото pro-dachnikov.com

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары осы айда жазғы каникулға шықты. Осы мүмкіндікті пайдаланып халық қалаулылары ел аралап, сайлаушыларымен кездесуде. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалуын бақылап жүр.

Мәжілісмен Ерлан Әбдиев Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысты. Амангелді елді мекенінде орналасқан жалпы орта мектептің жанында қосымша 150 орындық ғимарат салынып жатыр. Бұдан бөлек мұнда асхана, шеберхана және спортзалдың құрылысы жүруде. Ауылдағы 170 бала осында түрлі үйірмеге қатысып, заманауи талапқа сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен қоса қамтылатын болады. Биылғы мамыр айында қарқын алған құрылыста елуден астам адам жұмыла жұмыс істеуде.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ауылдарда  мектептердегі 3 ауысымды проблеманы шешу мақсатында 2020 жылы Жобалық-сметалық құжат әзірленіпті. Құрылысты  желтоқсаннан бір ай бұрын бітіреміз деп уәде беріп отыр. «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында  осы мәселені шешу бойынша  іс-шаралар бекітілген болатын. Олар қазір кезеңімен орындалуда. Біз соны  қадағалауымызға алғанбыз».

Ал Сарапхана ауылдық округіндегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. Қазір мектептің сыртын арнайы материалдармен қаптау, ішін әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. 200 орындық мектеп жоба бойынша биылғы желтоқсан айында тапсырылуы тиіс.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты :»Құрылыстың барысы жаман емес. Шатырына дейін жабылған. Енді біз әрі қарай айтып жатырмыз ішкі жиһаз мәселелерін қазірден бастап ойластыру керек. Өйткені осы жылдан кешіктірмеу керек жоспар бойынша».

Бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытындағы білім ұяларында да болды. Ауданда бүгінде дәл осы бағыттағы жұмыстар жандану үстінде. Мемлекет тарапынан аталған бағытқа көп қамқорлық жасалуда.

Биыл жылдың соңына дейін 400 мектеп салынады. Олардың 19-ы Түркістан облысындағы ауылдарда бой көтереді. 300,600, 900 орындық мектептер орналасатын жер телімдері анықталып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бірқатарының іргетасы қалануда.