Мәжілісмендер қызғалдақтан қызыл кілем жамылған Арыс даласын көріп таң қалды

941

Депутат та адам! Суармалы жерлерді пайдаланудың өзекті мәселелерін талқылауға өңірімізге арнайы келген мәжілісмендер қызғалдақтан қызыл кілем жамылған Арыс даласын көргенде дүниені ұмытып кетті.Парламентте пәрмен әзірлеумен бар уақыты өтетін депутаттар арыстың жайлауына аунап-қунап, бір жадырап қалды. Министрлерді тік тұрғызатын мәжілісмендердің табиғат ана алдындағы мінезін  көрдім. Заң шығарамыз деп күнұзаққа кабинетінен шықпайтын халық қалаулылары ауылдың таза ауасынан бастары айналғандай.

Жер ананың иісін сағынғаны соншалық, күре жолдың бойына көлікті тоқтатты.

Екі жеті бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан соң көк майса жайқалып, көздің жауын алады. Арысқа барар күре жолдың бойы қызыл кілемге айналған.

Мұндай көрініс әсіресе Солтүстікқазақстандықтар үшін таңсық.

Сергей Звольский

Сергей Звольский,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Керемет. Ия, маған қатты әсер берді. Кең байтақ даламыздың мына кереметі ешкімді бей – жай қалдырмайды. Солтүстік Қазақстанда әзірге салқын. Біздің өңір дәнді дақылдар, мал шаруашылығы, жем – қорын жасауға бейім. Сіздерде қарқынды бау, жылыжай, көкөніс, бақша өнімдерімен айналысуға барлық мүмкіндік бар. Өңірдің экономикасын дамытуға бағытталған Мәжілісте заңдарда қабылдануда. Кездесу барысында саланы дамыту бойынша шаруалар да өтініштері мен ұсыныстарын  білдірді».

Өңірімізден сайланған депутаттар әріптестеріне оттай жанған даланы мақтанышпен көрсетіп бір марқайды. Табиғаттың сұлулығына тәнті болған халық қалаулылары асығып тұрғандарын да ұмытып, селфилете жөнелді. Тіпті уақыты тығыз тілшілермен де суретке түсе бастады. Парламентте пәрмен шығаратындардан Астанаға еліктейтін әкімдер қалсын ба? Арыс қаласының басшысы да қолындағы жалғыз түйір қозықұйрығын ұстап, қарамағындағы қызметкерлермен суретке түсе бастады.

Саңырауқұлақ ұстаған Арыс қаласының әкімі

Шынар Оразова