«Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласындағы филиалына жаңа директор тағайындалды

812

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрайымының бұйрығымен Шымкент қалалық филиалының директоры қызметіне Исабеков Данабек Ержанұлы тағайындалды.

Данабек Исабеков 1983 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен «Қаржы» мамандығы бойынша білім алып шыққан, бұған қоса Аймақтық Əлеуметтік Инновациялық университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша дипломы бар.

Еңбек жолын 2004 жылы Шымкент қаласы бойынша қазынашылық департаментінің жетекші заң кеңесшісі қызметінен бастаған, 2006 жылы Салық комитетінде қызметін жалғастырған. 2009 жылы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Шымкент қ. директорының орынбасары болған. 2014-2016 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» ОҚО бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің директоры қызметін атқарған. 2018 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиал директорының орынбасары болып жұмыс істеген.

Исабеков Данабек Ержанұлы «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Азаматтарға арналған үкіметтің құрметті қызметкері» және өзге де маңызды мемлекеттік даталарға орайластырылған медальдар мен төсбелгілер иесі. Үйленген, 4 қыз тәрбиелеп отыр.