Шымкент қалалық сотының ұйымдастыруымен «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында «Отбасылық сот» пилоттық жобасының аясында «Бақытыңды балаңнан ізде!» тақырыбында жаңа форматтағы интерактивтік кездесу өтті.
Оған қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы және қала жастары қатысты.
Кездесуді ашқан М.Пәрменов: «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен республикамыздың 4 облысында отбасылық құқықтарды қорғауға бағытталған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жобаның міндеті: отбасылық жанжалдардың себептерін анықтап, сот процесінің барлық сатысында дауласушы тараптармен татуластыру шараларын жүргізу, отбасы құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбековтің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы Өкімімен Еңбекші аудандық сотының базасында «Отбасылық сот» Пилоттық жобасын жүзеге асыруға кіріскен едік. Жарты жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы жоба қазіргі уақытта тиімділігін көрсете бастады. Өздеріңізбен отбасын сақтап қалу, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңесе отырып және сұқбат жүргізіп, сұрақтарыңызға жауап беріп, ой-пікірлеріңізді тыңдасақ» — деді алқа төрағасы.
Еңбекші аудандық сотының судьясы Әсем Қапарбекова өз баяндамасында статистикалық мәліметтерге тоқталды. 2019 жылдың 1-тоқсанында неке және отбасы қатынастарына қатысты 251 талап арыз түсіп, оның 73-і бойынша некені бұзу туралы сот шешім қабылданған, 37 талап арыз бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылған. Ал 9 талап арыз қараусыз қалдырылған. 146 талап арыз бойынша судья және психологпен алдын ала әңгімелесу жүргізілді. Яғни, сотта қаралған істердің жартысынан астамы бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылғанын айтып өтті.
Кездесу барысында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Отбасы өмірін қалай бақытты етуге болады? Жақсы жар болу үшін қандай қарекет қылу керек? Ер мен әйелдің отбасындағы орны қайсы?» деген сынды сұрақтарды жастармен талқылап, барлығының негізі ұлттық бірегейлікте екенін айтып, ұлттық құндылықтар негізінде отбасы құруға және жанұяны ешқашан бұзбауға шақырды. Болашақ бір-бір шаңырақ иелеріне қазақи тәрбиенің маңыздылығын түсіндірді, бәсекеге қабілетті мемлекет – берік отбасыдан басталатынын айтты.
Спикерлерді ұйып тыңдаған жастар кездесуге белсене қатысып, «Тоқтамсыз керісе беретін ата-анасына бала қалай көмектеспек? Теледидардағы «Қалаулым», «Кел, келінім» сияқты бағдарламалар туралы не ойлайсыз?» деген тағы басқа да көптеген сұрақтарын қойып, «Отбасын құруға ниеттеніп жүрген жастарға ұлттық құндылықтарға негізделген шаңырақ көтеру туралы курстар ашылса» деген ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, шара барысында «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсат-міндеттері, ерекшеліктері көрсетілген буклеттер таратылды.
- Жанар Есенбекова