«Сот журналистикасы»: Шымкентте БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті

97

Шымкент қалалық сотында «Сот журналистикасы» тақырыбында БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Шара барысында сот жүйесінің ашықтығы, қол жетімділігі және сот кабинетінің жұмысы жайлы баяндалды. Шараға қатысқан заң өкілдері семинар барысында тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығының дәлелі ретінде қазіргі таңда «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті», «Үн-бейне жазба құралын қолдану» тетіктері тәжірибеде қолдануда. Семинар барысында сотта қаралатын істердің бірыңғай ақпараттық жүйесі және Сот кабинеті жайлы баяндалды.

Мамандар электрондық ақпараттық сервис, сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе болып саналатынын, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылғанын түсіндірілді.

Сала маманы сервистің негізгі ерекшелігі азамат, оның адвокат тұлғасындағы өкілі немесе заңгер кез келген ыңғайлы уақытта, үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ Интернет желісі арқылы сот құжатын, сондай-ақ істегі мәртебесін қарай алады және сот актісін басып шығара алатыны жайлы айтып берді. Сот жүйесінің ашықтығын жүзеге асыру мақсатында, барлық соттарда қаралатын істерді үн-бейне жазба құралы арқылы, ал мүмкін болмаған жағдайда – үн жазба құралын жасақтау міндеті қойылғандығы да семинар барысында айтылды.

Қабыл Дүйсенби, Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «Әсіресе коронавирус кезінде соттар көрші мемлекеттерде істемеді. Біздің  елде сот органдары онлайн жұмыс жасады. Сот кабинетінің тиімділігін өздеріңіз жұмыс барысында байқадыңыздар. БАҚ өкілдері  кез келген ақпарды ала алады. Ашықтық, жариялылық. Рейтинг бойынша сот жүйесі  мемлекеттік  органдар арасында ең ашық деп танылды».

Өз кезегінде тілшілер ашықтықтың басты құралы ретінде – судья және сот қызметкерлері қоғамда резонансқа ие болған даулы оқиғаларға қатысты дер кезінде мәлімет беріп отырса деген ұсыныстарын да жеткізді. Судьялар да осы мәселеге қатысты ойларын ортаға салды.

Дидар Мұратбекұлы, Абай  ауданы сотының төрағасы: «Әлеуметтік желіде белсенділер бар,  қандай да бір  сот процессіне не болмаса қоғамда орын алған бір оқиғаға қатысты  тексерілмеген анықталмаған ақпарды береді. Оны алып біреулер басып жазады. Нәтижесінде, резонанс тудырған  материалдар да болды».

Сот жүйесінің ашықтығы – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Сондықтан Шымкент қалалық соты алдағы уақытта да ашық есік күндері, дөңгелек үстелдер ұйымдастыратындарын жеткізді. Семинардың соңында сот процесстері жайлы материалдарды қалай заң шеңберінде әзірлеу жөнінде журналистерге арналған нұсқаулық таратылды.