Шымкенттің судьялары отбасылық құндылықтар туралы жастарға тренинг өткізді

376

«Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы». Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Отбасылық сот» пилоттық жобасының аясында «Отбасы -қоғамның тірегі, бала – қазынасы» тақырыбында отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған жастар және студенттер тренингі өтті.

Оған Шымкент қалалық сотының және Шымкент қаласының аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Қаратау аудандық әкімдігінің, прокуратураның және Ішкі істер бөлімінің өкілдері, Шымкент қаласының жастар басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, адвокаттар, медиатор – нотариустер, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала жастары қатысты.

Кездесуді Қаратау аудандық соттың төрағасы Е.Рахманберді, «Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы» тақырбындағы баяндамасымен ашты.

Шымкент қалалық сотының судьясы Н.Биболов, өз сөзінде, бұл іс-шара қазіргі уақытта дау-дамайларды реттеуде татуласу рәсімдерінің тиімділігін түсіндіру мақсатында жасалынып отырғанын айтты.

Қаратау аудандық сотының судьясы Лаззат Әуелбекова өз баяндамасында «Отбасылық сот» пилоттық жоба аясында отбасын сақтап қалу және осы факторлар бойынша ерлі-зайыптылардың үзілген үмітін жалғау басты мақсат болып табылатындығын және сотта қаралған істердің жартысынан астамы бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылғанын айтып өтті.

Осыған орай, Facebook әлеуметтік желісінде «Отбасы – қоғамның тірегі» атты әлеуметтік парақша ашылғандығын атап өтті.

Кездесу барысында «Қазақстан Кәсіби медиаторлар мен құқықтық кеңесшілердің қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің президенті Дана Ақәділқызы Кенжеқұлова «Отбасы құндылықтары» атты баяндамасын оқыды.

Ал, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Отбасы, рухани-адамгершілік даму» бөлімінің басшысы Айнұр Қуатжанқызы Сансызбай «Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықсыз пилоттық жобасының Шымкент қаласында іске асуы» атты бағдарламасының мақсаттары мен принциптерін атап өтті.

Сонымен қатар, «Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы» атты тақырыбында отбасы құндылықтарын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін «Қазақстан Кәсіби медиаторлар мен құқықтық кеңесшілердің қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің президенті Дана Ақәділқызы Кенжеқұловаға және медиация тәртібімен бітімгершілікке келген бірнеше тараптарға «Алғыс хат» берілді.

Спикерлерді ұйып тыңдаған жастар кездесуге белсене қатысып, «Отбасын құруға ниеттеніп жүрген жастарға ұлттық құндылықтарға негізделген шаңырақ көтеру туралы курстар ашылса» деген ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, шара барысында «Отбасылық сот» және медиация туралы пилоттық жобасының мақсат-міндеттері, ерекшеліктері көрсетілген буклеттер таратылып, видео – ролик көрсетілді.

Жанар Есенбекова