«Достық» шағынауданының тұрғындары көшелеріне асфальт төселгеніне «наразы» …

198

«Достық» шағынауданының тұрғындары жан айқайын айтуға көшеге шықты. Көшелері асфальттанғандықтың кері әсері тиіп жатқан көрінеді. Тегіс тас жолдан жүргізушілер жылдамдықты асырып, алдынан шығып қалғандарды соғып кетіп жатқан жайы бар. «Достықтың» басты көшесіне айналған Мұзтау көшесінде бүгінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Соңғы айдың өзінде бірнеше бүлдіршін көлік астында қалып қойған. Мерт болғандар да бар.

Айгүл Есжанова, «Достық» шағынауданының тұрғыны: «Жан айқайымызды тыңдайтын ешкім жоқ. Неше бала кетіп жатыр. Өзіміз кейде қорқамыз. Не деген жылдамдықпен жүреді. Мамандандырылған ХҚКО деген бәле болды бізге».

Бүгінгі жиналған жұрттың бір ғана өтініші бар. «Достықтың» басты көшелеріне жасанды бөгет орнатып беруді сұранып отыр. Сұраған бағдаршам сөз күйінде қалатынына көздері жетіп отыр. Жылдамдықты баяулататын жасанды бөгетті орнатпай бейбіт күнде бала-шағадан көз жазып қалып отырмыз дейді тұрғындар.

Гүлнәра Сайыпова, қала тұрғыны: «8-мамыр күні осы жерде екі көлік соқтығысып аударылды. Оның алдында бір апта бұрын басыныптың баласын қағып кетті».

9 жасар бала үйінен дүкенге шығып кеткен. Велосипед тепкен жасөспірімді «Шевролет» маркалы автокөлік қағып кеткен дейді көргендер. Оның мемлекеттік белгісі де оқиға орынында түсіп қалыпты. Жүргізушісі жедел жәрдемді күтпей-ақ, жарақаттанған баланы ауруханаға өз көлігіне салып жеткізген.

Торуылдаған қызметтік көліктер көшені бақылап жүргенімен ешқандай нәтиже жоқ дейді тұрғындар. Жүгенсіз кеткен жүргізушілердің жауапсыздығынан бүгін де бір үйдің баласы ауруханадан бірақ шықты.

Болат Нұсқабаев, Облыстық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Бала жан сақтау бөліміне жатқызылды. Баланың диагнозы бас ми жарақаты. Бастың сол жақ беті кесілген жарақаты. Толық емін алып жатыр. Бала есін біледі».

Шымкент қалалық полиция департаментіндегілер көлікті басқарған полиция қызметкері емес деп жауап берді. Жол-көлік оқиғасы бойынша қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Ернар Балабеков