15 мамырда Түркістанда халықаралық деңгейдегі маңызды саммит өтеді. Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми басқосуына байланысты қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Қандай көшелер жабылады? Қала тұрғындарына қандай талап қойылды? Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қатысуы мүмкін жиынның негізгі тақырыбы қандай?
15 мамыр күні Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммитіне дайындық қызу жүріп жатыр. Қазақстаннның төрағалығымен өтетін маңызды жиын алдында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күштік құрылымдар толық дайындыққа көшкен. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз үшін гарнизондық таратылым өтті.
Алдын ала дайындық ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің басшылығымен пысықталып, тексерілді. Сапқа полицияның жеке құрамы, құқық қорғау және күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүруге жұмылдырылатын қызметтік автокөліктер қойылды.
АРЫСТАНҒАЛИ ЗАППАРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Халықаралық саммит қауіпсіз әрі тыныш өтуі үшін әрқайсыңызға жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауларыңыз тиіс. Бұл қызметте ұқыптылық, тәртіп пен заң бәрінен маңызды»
Қала әкімдігі Саммит өтетін күні бірнеше көшеде көлік қозғалысына шектеулер енгізгенін мәлімдеді. Қала тұрғындары мен жүргізушілерге мұны ескеріп, жол бағытын алдын-ала жоспарлауға шақырды. Уақытша енгізілген жол белгілері мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұрады.
«Қозғалысқа шектеу келесі аумақтар мен көшелерде кезең-кезеңімен енгізіледі: «Алтын шаршы» аумағы, Батырбеков, Т.Бокин, С.Қожанов және Байбұрт көшелері, «Керуен сарай» туристік аймағы, Б.Саттарханов даңғылы, №11 көше, №32 көше, №9 көше, Шымкент тас жолы, Есім хан даңғылы және Әуежай тас жолы»
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті — халықаралық деңгейдегі маңызды саяси іс-шара. Жиынның басты тақырыбы — «Жасанды интеллект және цифрлық даму». Мақсат — Түркі елдері арасындағы цифрлық ынтымақтастықты дамыту, жасанды интеллект саласындағы ортақ жобаларды талқылау. Саммитке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары, соның ішінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның келуі жоспарланған.
Дилара Иса







