Úı ANONS Тұрғындар жаңа құрылысқа қарсы

Тұрғындар жаңа құрылысқа қарсы

Шымкенттегі Ю. Гагарин көшесінің тұрғындары жылдар бойы тұрып келе жатқан баспаналары үшін алаңдап отыр. Себебі көпқабатты үйдің дәл іргесінен жаңа нысан бой көтеріп жатыр екен. Жергілікті жұрт бұл ғимарат пәтерлерді күн сәулесінен айырып, қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін деп наразылық білдірді.

 

Айтуларынша, бұл жер бұрын баршаға ортақ аумақ болған. Ал қазір жекеменшікке өтіп кетіпті. Кәсіпкер болса, барлық құжаттардың заңды екенін айтып, құрылыс талапқа сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.

 

Наурыз айынан бері Ю. Гагарин көшесіндегі төрт қабатты үйдің іргесінде қызу құрылыс жүріп жатыр. Жұмысшылар алдымен ағаштарды шауып, кейін металл қаңқаларды орнатқан. Кейіннен мұндағы жұртшылық бұл аумақтың жекеменшікке өткенін және мұнда коммерциялық нысан салынатынын білген. Енді олар жаңа құрылыс төменгі қабаттағы пәтерлерді күн сәулесінен айыруы мүмкін деп алаңдап отыр. Бұған қоса, құрылыс кезінде арық жабылып қалғанын айтып шағымданды.

 

РАМИЛЯ ЮМАГУЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кәсіпкер құрылысты бәрімізге ортақ аумақта бастап кетті. Құрылыс нормалары бойынша ғимарат үйден кемінде 15–20 метр қашықтықта салынуы керек. Ал менің бірінші қабаттағы тереземнен арақашықтық бар болғаны 6 метр 45 сантиметр ғана. Бұл талапқа сай емес».

 

Кәсіпкер бұл жерді бірнеше жыл бұрын сатып алғанын айтады. Сөзінше, құрылысқа қатысты барлық қажетті құжаттары да бар. Қазір мұнда кәсіпкерлік мақсаттағы бір қабатты жеңіл нысан бой көтергелі отыр екен.

 

ҚУАНЫШБЕК АҚАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Мен бұл жерді алғанға дейін барлық рұқсат құжаттары болған. Кейін оларды рәсімдеу барысында ұзарттым. Құрылысқа рұқсат талоны, мемлекеттік акт және басқа да құжаттардың бәрі бар. Сол құжаттар толық рәсімделген соң ғана құрылыс басталды»

 

Алайда тұрғындар бұл аумақты ортақ пайдалану жері деп санайды. Сол себепті жер телімінің неге әлі күнге дейін айналымнан алынбағанын және неліктен жер реестрінде сақталып тұрғанын түсінбей отыр.

 

ТАТЬЯНА СЕРЯКОВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «14 жылдан кейін бұл жер телімі келесі құрылыс салушыға сатылып кеткен. Біз тиісті органдардан осы мәселені шешіп, ортақ пайдалану аумағы ретінде көрсетілген жерді айналымнан шығаруды сұраймыз»

 

Жауапты басқарма тұрғындардың шағымына жауап беріп, жеңіл құрылыстар мемлекет тарапынан арнайы бақылауға алынбайтынын түсіндірді. Сонымен қатар бұл нысанға Архитектуралық жоспарлау тапсырмасы берілмеген. Тараптарға мәселені сот арқылы шешу ұсынылды.

Лаура Бабас