Úı ANONS Кәсіпкердің үйіне шабуыл жасаған қарақшылардың қарулары тәркіленді

Кәсіпкердің үйіне шабуыл жасаған қарақшылардың қарулары тәркіленді

Сайрам ауданында кәсіпкердің үйін тонамақ болған қарақшылар қолға түсті. Ақсуабат ауылында қаруланып, бетперде киген белгісіз адамдар жергілікті кәсіпкердің үйіне баса-көктеп кірген. Бірақ, қарақшылар құр қайтыпты. Үш күн өткенде олардың кім екені анықталып, қолға түсті.

Қарақшылар үйге түн ішінде кірген. Үйде ерлі-зайыптылар мен үш баласы шырт ұйқыда болған.Отағасы қарсылық көрсетіп, үйдің ішінде айқай-шу шыққан соң, қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне мініп, ізін суытқан. Төрт ұры үйге енген , ал бесіншісі — көлік тізгінінде қалғаны анықталды. Оңай олжаға кенелуді көздеген қарақшылар көп ұзамай, қолға түсті. Баукеспенің екеуі — көшеде, тағы екеуі — саунада, ал бесіншісі — өз үйінде ұсталып отыр.

Қайрат Дәлбеков

Қайрат Дәлбеков, Түркістан облыстық ПД бастығы: «Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде , күдікті қылмыскерлер ұсталып, бүгінгі таңда қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізуде. Қылмыстық топ 5 адамнан құрылған. 5-еудің — 4-уі бұрын сотты болған. Бәрі осы Оңтүстіктің тумалары. Жастары 1983-1990 ж.ж. арасында».

Үш күн ішінде қылмыс ашылып, қылмыскерлер ұсталды. Олардан екі газ тапаншасы, аңшы мылтығы мен шолақ мылтық тәркіленген. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 192 -«Қарақшылық» бабы бойынша іс қозғалды.

Мөлдір Бекеева