Шымкенттегі «Азаматтық альянс» қауымдастығы «Адалдық дүкендерінің» жұмысына мониторинг жүргізді

316

Жүргізілген мониторинг қорытындылары туралы «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев пен Шымкент қаласы бойынша «Азаматтық альянс» қауымдастығының атқарушы директоры Юсуп Арзыхановбрифинг барысында мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары айтылды. Президенттің тапсырмаларының бірі «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын өңірлердегі әкімдердің тікелей жауапкершілігімен жүзеге асыру болып табылады. Бұл — тың идеяларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді» — деді Е.Төлебаев.

Брифинг барысында спикер Жобалық кеңсенің сарапшылық топтарының пікірімен халық қолайсыз жағдайларға жиі ұшырайтын үш әлеуметтік-маңызды саланы атап өтті, ол білім беру, денсаулық сақтау және полиция салалары.

Полиция саласында жобалық кеңсе ішкі істер органдарының ашықтығы мен есептілігі бойынша жоспарды іске асырады. Осы жұмыстың нәтижесі ашық тергеу кабинеттерінің ашылуы болды, сондай-ақ барлық қалалық басқармаларда азаматтар үшін жақын арада «фронт офистер» жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, Жол полициясы қызметкерлерімен бірге рейдтер жүргізіліп, «Адалдық жолында» жадынамалары таратылуда. Аталған акцияға БАҚ өкілдері мен блогерлер, қоғам белсенділері тартылған.

«Әлеуметтік желілерде қалалық ауруханаларға қатысты жыл басынан шағымдар келіп түсті. Шағымдардың мәні тегін көрсетілетін қызмет түрлерін ақылы түрде көрсету, емдеу шаралары кезіндегі кемшіліктер мен ауруханалардағы тағамдардың сапасы және т.б. осы орайда, Денсаулық сақтау вице-министрі мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізгендігімізді жақсы білесіздер» — деп сөзін қорытындылады Е.Төлебаев.

Мұғалімдер, студенттер мен оқушылар арасында парасаттылық, адал еңбек және патриотизм қағидаттары бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру және білім беру жұмыстарынан басқа, білім беру саласында республикалық жобалар жүзеге асырылуда.

«Integrity shop» жобасы алғаш рет М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де ашылса, кейіннен басқа да Университеттер мен мектептерде, ұйымдарда ашылды. Жақында «Шымкент –адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Шымкент қаласы бойынша «Азаматтық альянс» қауымдастығы «адалдық дүкендерінің» жұмыс істеуіне мониторинг жүргізді.

«Алғашында 40-қа жуық білім беру мекемелерінде мониторинг жұмыстарын жүргіздік, оның 6-да дүкендер жабылып қалғандығы анықталды. Соның нәтижесінде Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен білім басқармасы, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе мектеп, колледж директорларымен кездесу өткіздік. Кездесу барысында аталған мектептерде адалдық дүкендері жұмыс жасап отырғандығы, тек уақытша жабылғандығы, кейбірінде күнделікті жұмыс жасамайтындығы анықталды. Мысалы, №9 мектепте дүкенді басқа көрінетін орынға ауыстыру үшін, уақытша жабылған болса, «Адалдық дүкендері» көбіне асханалар мен буфеттерде ашылатындықтан Политехникалық колледжде кәсіпкермен жалға алу келісімінің уақытының аяқталуына байланысты жабылғандығы анықталды» — деді Ю.Арзыханов.

Айта кету керек, Шымкентте қазіргі таңда 126 мектепте, 10 колледжде және бірқатар ЖОО-да «адалдық дүкендері» жұмыс істейді.

«Адалдық дүкені» жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша ұйымдастырылады. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады.

Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеуге бағытталған.