Шымкенттік экс-шенеунік ірі мөлшерде айыппұл төлейтін болды

335

Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының парамен ұсталған​ бұрынғы орынбасары ірі мөлшерде айыппұл төлейтін болды. Әл-Фараби аудандық соты осындай шешім шығарды.

Еске сала кетейік, бұрынғы шенеунік қомақты қаржы сыйақы алу үстінде құрықталған болатын. Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Ғ.Н. келісімшарт түзу және мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу мәселелеріне жауапты болған.

Экс — шенеунік сот кезінде  прокуратурамен процессуалдық келісімге келіп, өз кінәсін толық мойындаған. Сотталушы жауапты қызметін теріс  пайдаланып мектеп асханасында қызмет көрсететін кәсіпкерден​ «қамқорлығына»​ 1 500 000 теңге алғаны үшін айыпталған болатын.

Сот шешімімен бұрынғы шенеунік бір ай ішінде 45 млн. теңге айыппұл төлейтін болып міндеттелді. Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары сот залынан босатылған. Мемелекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді.

Жанар Есенбекова