Суға батып бара жатқан бойжеткен құтқарылды

186

Қазіргі кезде кейбір адамдардың суицидке барып, өз-өзіне қол жұмсағандар саны көбеюде. Бір ғалымдар оны жүйкесі сыр бергендіктен деп тұжырымдап жатса, енді бірі депрессияға түскен және қысым көргендер деп пайымдауда.

Суицидке барған адамдарды полицейлер өз өмірін қатерге тігіп, құтқарып жатса, енді бірі құтқарамын деп қаза болып та жатыр. Азаматтар арасында осындай жағдайларға баратындардың кейбірі отбасылық жағдаймен де байланысты болады.

Дей тұрғанмен, жыл басынан бері полицейлердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде, өз-өзіне қол жұмсауға барған бірнеше азаматтар құтқарылған болатын.

Мәселен, Созақ ауданындағы құмар ойынынан ұтылып, қарызға батқан ер азаматтың көп қабатты үйлердің бірінің шатырынан секіріп, өзін-өзі өлтірмекші болған оқиғасы, Жетісай ауданындағы, отбасы кикілжіңінің кесірінен көпірден секірмекші болған келіншек жайты, Қазығұрт ауданының тергеушісі жіпке асылып өз-өзіне қол жұмсамақшы болған үй иесін, құтқарып қалған оқиғасы, Сарыағаш ауданындағы тұрмыстағы қыздың көпірден өз-өзін тастау арқылы қол жұмсамақшы болған оқиғалары сияқты тәртіп сақшыларының адам өмірін құтқарған ерлікке толы іс-әрекеттері аз емес.

Жақын арада тағы бір жайт орын алды. Отырар ауданында суицидке бармақшы болған бойжеткен құтқарылды. Оқиға былай болған еді, сәуір айының соңында Отырар ауданындағы су ағатын үлкен каналдың көпірінен аудан тұрғыны өз-өзіне қол жұмсау мақсатында суға секірген. Азаматшаның бұл әрекетін көрген белгісіз адамдар бірден полицияға хабар берген.

Отырар АПБ-нің кезекші бөлімі жақын маңдағы полицейлерге хабар беріп, оқиға орнына бағыттаған. Жедел жеткен полиция аға сержанты Рақымжан Ниязбекұлы ештеңеге қарамастан суға гүмп беріп, сүңгіп кетеді. Шапшаңдық танытып, су түбіне қарай батып бара жатқан бойжеткенге жетіп, құтқарып қалады. Біраз уақыт сумен арпалысып, су жұтып қойған қыз, оқиға орнына жеткен жедел жәрдемнің көмегімен бірден ауруханаға жеткізілді.

Жан сақтау бөліміне түсіп, емделіп, біршама күннен кейін аман-есен үйіне шығарылған қыз, қазіргі уақытта дін аман. Өзінің отбасымен бірге.
Ашуға бой алдырып, суицидке бармақшы болған бойжеткен істеген ісіне өкініп, енді мұндай жағдайға бармауға уәдесін берді. Ал, өрімдей жас қызды өлім аузынан аман алып қалу үшін өз өмірін қауіп-қатерге тіккен полицейге құтқарылған қыз бен оның отбасы шексіз алғыстарын білдірді.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі