фото proho.ru

Шымкент қаласының «Құрметті азаматтарының» қатары тағы 10 адамға көбейді. Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 50 сессиясында қаланың бірнеше тұрғынына мәртебелі атақ беру туралы шешімді депутатар бірауыздан қабылдады.

Айта кетейік, «Құрметті азамат» атағы жылына бір рет салтанатты түрде 10 адамға беріледі. Бұл атаққа қаламызға айырықша еңбегі сіңген, оның ішінде экономиканы, әлеуметік саланы, ғылым мен білімді дамытуға үлес қосқан, мемлекеттік және қоғамдық қызметте жетістігі бар, шығармашылықта, бизнесте, спортта, қайырымдылық шараларда белсенділік танытып жүрген азаматтарға беріледі.

Оның ішінде Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов, Еркін Сатқанбаев, Наталья Романова және Қайрат Нұртас бар.

Шымкент қаласы еліміздегі республикалық мәртебеге ие болғалы депутаттар атаққа ие болатындардың санын аздап көбейтуді жоспарлып отыр.

Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Тұрақты комиссияның отырысында депутатардан ұсыныс түсті. Біз де Алматы мен Астана қалалары секілді 20 адамға жеткізсек деген».

Түркістан облысында жыл сайын Облыстың «Құрметті азаматы» атағына 15 азамат ие болады екен. Біздің шымкенттік тұрғындар да қалалық мәслихат депутаттарының бұл ұсыныстарын қолдайтын сыңайлы. Шымкент шаһарында құрметті азамат атағына лайықтылар баршылық дейді.

Әрине, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» мәртебесіне ие болу үлкен қошамет. Ол статусқа ие болғандар әзірге тек қоғамдық көліктерде тегін қатынайды және арнайы аллеяда есімдері жазылған тақтайша ілінеді. Депутаттар құрметті азамат атағын алғандарға өзге де мәртебе беру мәселесін қолға алмақ.

Нұрлан Күдерұлы