500 млн теңге: Оқырманы жоқ кітапхана

705

Соңғы оқыған кітабыңыз қандай? Кісінің кітап оқитыны кітапханаға барғанымен өлшене ме? Иә, бәлкім, жоқ. Келесі сюжетіміз оқырмансыз кітапханалар мен қағаз кітапты цифр кітапқа ауыстырғандар жайында болмақ.

Қала орталығындағы кітапханада жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен оқырман залы ашық. Бірақ, онда кітапханашыдан басқа ешкім жоқ. Шымкенттің 400 мыңға тарта қоры бар кітап ордасы – Отырар кітапханасының да жайы осы. Оқырман залы бар, бірақ кітап парақтап отырған адамды көрмедік.

Гүлзина Арапова, оқу залының секторы: «Бүгіндікке жаңа оқырмандар саны – 15, күнделікті келушілер саны – 93. Таңнан бері 60-70 оқырман келіп отырады».

Аз ба, көп пе? 1 миллион тұрғыны бар қаланың орталық кітапханасына келетін оқырман саны 100-ге де жетпейді. Оқырман кітап оқудан алыстаған ба, әлде кітапханада оқырман қызығатын кітап жоқ па?

Зылиха Жантасова, Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ғалым-хатшысы: «Талғам» атты сараптамалық кеңес құрдық. Оның ішінде ғалымдар бар, белгілі жазушылар бар. Әкелінген кітаптарды талқылауға беріп отырамыз. Оқырманның обалын ойлап көркем шығарманың деңгейін түсірмеуіміз керек. Осылайша әрбір кітап үлкен талғаммен алынады кітапханаға».

Айтылуы әдемі. Бірақ шынайы көрініс олай емес…

«Жастар кітап оқымайды» деп шорт кесуден аулақпыз. Жастар кітап оқиды. Бірақ, кітапханада емес. Мәселен, Райхан Әкімбаева кітапханаға мүлдем бармайды. Қажет кітабын кітап дүкендерінен сатып алады. Түрлі сайттардан, телеграм каналдарынан электронды нұсқада жүктеп алады. Ридерден оқиды, аудиокітап тыңдайды.

Райхан Әкімбаева, оқырман: «Телеграмда он мыңға дейін оқырманы бар арнайы каналдар бар. Сондай бірнеше каналдарға тіркеліп алғанмын. Негізі қажетті кітапты тапсырыс беріп сатып алу үшін ешқашан ақша аяған емеспін”.

Оқырман іздегенін түрлі гаджеттерден-ақ тауып алады. Сана санға, яғни цифрға көшті. Қағаз жазбалар тек шаң басқан архивтерде қалып барады. Жас буын мұның себебін бүгінгі жазушылардың еліктірер дүние жазбайтынымен байланыстырады.

Баян Жұманова, қала тұрғыны: «Соңғы кездері айналамдағы адамдардан «Ойбай, осындай жазушының осындай керемет кітабы жарық көріпті, оқысаң өкінбейсің” деген сияқты пікір естімеймін. Соған қарағанда қазір адамды еліктіретін өте қызық дүниелер шығып жатқан жоқ. Бар болса елігіп алып оқитын едік. Бір жағынан енді әлеуметтік желі дамыған заман, өзіміз де қағаз кітаптан алыстаған шығармыз”.

Көбіне көп психология жанрында қалам тербейтін жас жазушы Абылай Есімбай мұнымен келіспейді. Кітап оқу мәдениеті қалыптаспаған адамның алдына қандай дүние алып келсе де ол кітап оқымайды.

Абылай Есімбай, жас жазушы: “Отбасымызда мен үйдің үлкені болғандықтан анам маған кітап оқытып үйретті. Ал екі інімді олай үйретпеді. Енді қараңыз біз бір анадан тудық. Бірақ мен кітап оқимын, ал ек інім мүлдем қызықпайды. Менің түсінгенім адамда мәдениет болмай кітап оқымайды. Жастарды кіналаудың қажеті жоқ”.

Picodi талдау компаниясы қазақстандықтар арасында кітап сатып алуға қатысты сауалнама жүргізіпті. Сұралған респонденттердің 67 пайызы кітапты сатып алып оқитындарын айтса, 13 пайызы кітапханаға барады екен, 5 пайыз респондент кітапты досынан сұрап алып оқитынын айтқан. Ал сұралғандардың 21 пайызы мүлдем кітап бетін ашпайды екен.

Енді жыныстық ерекшелік бойынша талдап көрелік: Сұралған ер адамдардың 67 пайызы және әйелдердің 77 пайызы жылына бір рет кітап сатып алады екен. Жалпы оқырманның 83 пайызын көркем әдебиет қызықтырады. Сондай ақ, ғылыми-танымдық әдебиетке қызығатындары да баршылық. Деректі проза не мемуар оқитындардың үлесі 17 пайыз шамасында. Бұл ең аз көрсеткіш. Сұралғандардың 3 пайызы аптасына бір рет кітап сатып алады. Жартысынан астамы айына бір реттен кем кітап алмайды.

Сауалнама нәтижесінен байқағанымыз – кітапханаға барып кітап оқитындардың үлесі аз. Осы тұста оқырман санын көбейту үшін не істейміз? Жауабын белгілі жазушы Мархабат Байғұттан сұрадық.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Шынында да жастардың тәрбиесі нашарлап кеткен. Оның барлығы сайып келгенде кітап оқымаудың салдары. Ата-ана екі-үш сағат өсек айтып, сериал көрудің орнына 20 минут баласымен бірге кітап оқуға болады ғой. Мұғалімдердің өздері оқымайды. Одан кейін олар баладан сұрай алмайды. Бала кітап оқу үшін осы нәрселер қалыптасу керек. Баяғы озық үлгілерді оралту керек. Рухани жаңғару дегеніміз сол”.

Айналып келгенде, кітап оқу үшін ең алдымен оқырман мәдениетін қалыптастыру керек. Айтылған ойдың тоқ етері осыған саяды. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты бес кітапхана бар. Оқырманы кітапханаға бармайтын қалада кітапханаларға бөлінетін қаржы жарты миллиардқа жуықтайды.

Әбдіжаппар Сәкен, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы: “Бір жылдық кітап қорының бір жылдық қаржысы 495 млн 267 мың теңгені құрайды. “Отырар” кітапханасына 137 млн теңге, балалар кітапханасына 98 млн, көпшілік кітапханаларға 154 млн, арнайы кітапханаға 78 млн теңге, жасөспірімдер кітапханасына 55 млн теңге қаралған. Соның ішінде кітап қорына әр қайсысына 4 млннан 12 млн теңгеге дейін қаралған». «Оқырмандар санын қадағалайсыздар ма?” деген сауалымызға «Ия, қадағалаймыз!”, – деп жауап берді.

Басқарма тарапынан 500 млн теңгеге жуық қаржы тек кітапхана қызметі үшін жұмсалады. Сонда да кітапханаға барып кітап оқитындардың саны көбеймей тұр. Осыншама қаржының желге ұшқаны ма?

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тек қаржы бөлумен ғана шектелмесе керек. Әдеттегі ұрандатқан, науқандатқан жауап па деп қалдық….
Қазынадан қыруар қаржы бөлінгенімен, одан қоғамға қайтарым болмаса… мұндай кітапханалардың қаншалықты қажеті бар?

Жанерке Хумар