Шымкенттегі сайлау барысын халықаралық бақылаушылар бақылады

201

№ 101 сайлау учаскесі М. Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Сайлаушылар өз таңдауын жасауда. 18 жасқа толған Айша Салыбекқызының бұл алғашқы дауыс беруі.

Айшаның алғашқы сайлауы

Саясаткер мамандығын таңдаған бойжеткен маңызды шараға аса жауапкершілікпен келгенін айтады. «Алдын ала үміткерлердің платформасымен танысып, сосын таңдау жасадым» дейді студент.

№ 101 учаскелік сайлау комиссиясының мәліметі бойынша аталған аумақта тізімге сәйкес 2513 сайлаушы тіркелген. Сайлау комиссиясының 11 мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруда.

Эрнст Тілеулов, № 101 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы. Сағат 15:00-ге  дейін олардың 700 дауыс берді. Белсенділік жақсы. Бақылаушылар бар олар АҚШ-тан, Германиядан және Ресейден, жергілікті саяси партиялар мен үміткерлердің сенімді өкілдері де бар.

Шымкенттегі сайлауға 19 шетелдік бақылаушы қатысып отыр. Әзірге өрескел қателіктер байқамаған. Үшінші мегаполистегі саяси науқанның ұйымдастырылуына қатысты пікірін айтып өтті.

Владимир Сокор, халықаралық бақылаушы, АҚШ

Владимир Сокор, халықаралық бақылаушы, АҚШ: «Мен сағат таңғы 9:00-ден 15:00-ге дейін 20-ға жуық сайлау учаскесінде болдым. Сайлау учаскелері жабылғанша, аралаймын. Әзірге менің көзқарасым. Процесс өте ұйымдасқан түрде, тыныш өтуде. Жалпы сайлау учаскелеріндегі атмосфера жақсы. Барлығы біледі, қайда барып қай жерде дауыс беретінін. Наразылық білдірген бірде бір сайлаушыны көрмедім. Тек екі учаскеде полиция формасындағы адамдар келгенде, мен комиссия мүшелерінен олар қысым жасап жатқан жоқ па, қандай мәселемен келді деген сұрақ қойдым. Олар тіркелген учаскесі бойынша дауыс беруге келген екен. Қазақстандағы сайлауға бақылаушы ретінде үшінші рет қатысудамын. Оңтүстік өңірінде алғашқы рет. Осыған дейін Семей, Өскемен, Нұр-Сұлтандағы саяси шараларға қатысқанмын».

Валерий Федоров

Көрші Ресей Федерациясынан халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан Валерий Федоров Қазақстандағы президенттік сайлаудың маңыздылығын атап өтті:
«Мен Шымкенттегі төрт ауданның үшеуіндегі 10 учаскеде болдым. Сайлау тыныш, ұйымдасқан түрде өтуде. Өйткені сайлау комиссиясының дайындығы олардың біліктілігі бірден байқалды. Сайлау учаскелерінде өзге ТМД елдерінен қатысып жатқан бақылаушылармен де сөйлестім. Олар бізрауыздан саяси шараға Қазақстан жауапкершілікпен, дайындықпен келгенін атап өтті. Сын ескертпелерге тоқталсам, бақылаушылар тарапынан бірінші учаскеде сайлау комиссиясы мүшесімен бір азаматшаға екі бюллетень берілгені жөнінде ескертпе жасалды. Сайлаушы жұбайы мен баласына дауыс бермек болған. Бұл жағдай санақ жүргізілгенде ескерілетін болды. Сайлаушылардың белсенділігі сағат 10 мен 12 шамасында жоғары болды. Бұл түсінікті де, өйткені таңертең Г.Головкиннің күресі болған еді ғой. Сайлаудың заң шеңберінде әділ өтетіне сеніміміз мол».

Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері де президенттік сайлаудың барысын бақылады.

Сергей Сметанников

Маусымның 2-нен еліміздегі сайлау науқанына дайындықты және барысын бақылаған халықаралық бақылаушы Сергей Сметанниковтың бағасына назар аударайық: «2-ші маусымнан Қазақстандамын. Шымкентте 20 учаскеде, Түркістан облысында 26 учаскеде, олардың арасында 10 ауылдық округтерде орналасқан сайлау учаскелерінде болдым. Онда сасяи партиялар мен үміткерлердің сенімді өкілдерімен сөйлестім. Сайлау халықаралық стандарттарға сәйкес Конституция аясында өтуде. Ертең баспасөз конференциясында ШЫҰ төрағасы мәлімдеме жасайды. Жұмыс барысында орын алған ескертпелерге тоқталсам, учаскелердің бірқатарында үміткерлердің суреттері мен олар жайлы деректер болмады. Мұны комиссия мүшелері үгіт насихат ретінде пайдаланылмасын деген мақсатпен қолданылмағанын айтты».

Бақылаушылар сайлау аяқталғанша жұмысын жалғастырады. Сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, комиссия мүшелері бюллетендерді санауға кірісті. Бұл процессті үміткерлдердің, халықаралық және сасяи партиялардан бақылаушылар және БАҚ -ның өкілдері бақылайды.

Шынар Оразова