Ораза басталғалы ауызашар уақыт жақындағаннан үй-үйді және кафе-ресторандарды аралап жарамазан айтушылар көбейеді. Олардың арасында кішкентай балалар да бар. Осы жарамазан айтушылар жарамазанды өзінің тәртібіне сай орындап жүр ме, жарамазан қашан, қалай және қайда айтылуы керек? Сондай-ақ Оразада жарамазан айтуды өз нәпақасына айналдыру қаншалықты дұрыс? Көбімізді, бәлкім бәрімізді, мүмкін азымызды осы сауал мазалайтын болар.
«Күніне 100 мың теңгеге дейін табыс таптым»
Кейіпкеріміз Рахымжан Бауыржанұлы – кәсіби әнші. Рамазан айы басталғалы қолына домбырасын алып, жанына баянмен сүймелдейтін серігін ертіп, кафе-ресторандарды аралап, жарамазан айтады. Айтуынша, жарамазан айтып күніне 100 мың теңгеге дейін қаржы тапқан кездері болыпты.
— Біз тек халал кафе-ресторандарға барамыз. Ең алдымен кафелердің иелерінен рұқсат сұраймыз. Одан кейін адамдар ауыз ашып болған сәтте ішке кіріп, жарамазан айтамыз. Адамдардың аузын ашып, демалып отырған сәтін таңдаймыз. Сол кезде көңілдеріне қуаныш сыйлау үшін барымызды салып жүрміз. Көңілдерінен шықанымыздың белгісі болса керек, ыстық ықыласын, алғысын айтушылар көп. Барлығы көңілі қалағанша ақша тастап, өнерімізді бағалап жатыр. Осылайша күніне 100 мың теңгеге дейін табыс тапқан кезіміз болды. Әрине, күн сайын айтып жүрген жоқпыз. 2-3 күнде бір осылай шығып тұрамыз. Үй аралауға тек таныстарымыз шақырса ғана барамыз. Қаламыз – миллион тұрғыны бар қала. Барлығы бірдей қазақ ұлтынан емес көпұлтты халықпыз. Сондықтан да үйлерді аралауға тек шақыртумен барамыз. Айтып жүрген жарамазанның мәтіні кішкентайымнан өзім естіп жаттап өскен мәтін. Білуімше бұл сонау 70 жылдардан бері ел арасында ауыздан-ауызға таралып жеткен түрі, — дейді Рахымжан.
«Жарамазанды сауап үшін айту керек»
Әдет-ғұрып және салт-дәстүрді насихаттаушы Майра Ормолдаева ханым жарамазан айту қазіргі таңда тиын табу көзіне айналып кеткеніне қынжылады. Айтуынша, қазіргі жастар жарамазан әуенін дұрыс орындамайды. Халқымыздың тұрмыс-салт жырына жататын қазынамыз ел арасында дұрыс емес насихатталып жатқанынан өкінеді.
— Жарамазан қазақ ауыз әдебиетінде тұрмыс салт негізінде байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. «Жарамазан» сөз ол араб тілінен аударғанда «рамазан келді» деген сөзден шыққан. Бұл баяғыда Рамазан айының басталған алғашқы күндері қазақ ауылын сәресіне ояту мақсатында орындалатын тұрмыстық салт жыры. Яғни ұлттық фольклорымыздың және діни әндердің бір түрі десек те болады. Бұдан шығаратын қорытынды – жарамазан айтуды қазақтың салт-дәстүріне жатқыза алмаймыз. Жыл он екі ай бойына орындалмайды. Мысалы қазағымыздың бесік той, тұсаукесер той, үйлену той сынды отбасылық мерекелерде орындалатын әндері бар ғой. Ал жарамазан тек Рамазан айында ғана орындалады. Сонымен қатар, қазір халық арасында «жарамазанды тек балалар орындайды» деген қате түсінік те бар. Бұл – қате. Жарамазан айту жас ерекшелігіне қарамайды. Барлығы бірдей айта береді,-дейді ол.
«Жарамазан айтудың өз тәртібі бар»
Майра Ормолдаева ұлтымыздың көне дәстүрлері жаңғырып жатқанын дұрыс санайды. Алайда жарамазанды орындайтындар шынайы сауап үшін емес, қаржы табудың көзіне айналырдып алғанына қынжылады.
– Бұл жырды орындайтындарда «Мына жерге кіріп айта салып, қалтамызды теңгеге толтырып шығайық» деген мақсат болмау керек. Есігіне барып, жарамазан айтса, қазағым ешкімді құра алақан қайтармаған. Қазір тіпті кішкентай балалардың өзі бұны бизнеске айналдырып алғандай. Олардың ата-аналары қайда қарап отырғанын білмейсің. Олар не айтып жүргенін өздері де білмейді. Үй-үйді аралаумен қатар, жолдан-жолды жағалап машиналардың бағдаршамға тоқтаған сәттерін күтіп келіп, жарамазан айтып, ақша сұрайды. Олар – бала. Ата-анасы қайда қарап отырғанына таңым бар. Бір күні машина астына түспесіне кім кепіл? Сондықтан әке-шеше абайлауы керек. Баланың алдындағы жауапкершілігін сезінсін. «Айтпасын» демеймін. Айтсын, бірақ қауіпсіз жерде. Көршілерін, туған-туысқандарына айтсын. Балалар тіпті кафе-ресторандарды жол бойында кездесетін түрлі дайын тамақ сататын дүңгіршектердің барлығын жағалап жүр. Бұл қауіпті. Тағы бір айтарым, ата-ана баласына жарамазанды дұрыс айтуды үйретсінші. Жастарымыз елге белгілі, өнерге, әдебиетке, шығармашылыққа жақын, ұттың экономикасын көтеруге, қоғамдық өміріне белсене араласып, ұлттың мерейін асыруға өз үлесін қосып жүрген еңбегінің зейнетін көріп, зейнетке шыққан адамдарға жарамазан айтып бастаса қандай жарасады. Сол адамдардың көңілін көтеріп, солардың ыстық ықыласын, сауабын алған дұрыс. Ол кісілер онсыз да аянып қалмай, барын беріп, иығына шапанын жауып жіберері анық. Сөз соңында айтарым, жарамазан айтудың өзіндік тәртібі бар. Ол ораза айтта ғана емес, Рамазан айы туғанда айтылады. Сосын бұл жарамазан әуені үш бөліктен тұрады. Жарамазанның желдірмесі айтылады, жарамазанның сөзі айтылады және жарамазанның батасы айтылады. Сонда үйдің иесі оянып, тәтті-дәмін беріп, риза қылып шығарып салған. Міне, осы шарттарды сақтай отырып айса, бұл ұрпақтан ұрпаққа дұрыс жалғасып ел арасында дұрыс насихатталар еді, — деді Майра Ормолдаева
Берік Қалдаров, Шымкент қалалық өкіл имамының көмекшісі
– Жарамазан сөзін талдасақ, «жә» сөзі келді деген мағынаны білдіреді.Яғни жарамазан сөзі, рамазан келді деп осы айдың келуін сүйіншілеу. Қазіргі бізде сәресі уақытысында жарамазан айту ерсі көрінгенімен түркі елдерінде бүгінге дейін түрлі аспаптармен жарамазан айтып адамдарды шырт ұйқыдан оятады. Ал бізде камелет жасына толмаған балалар әртүрлі жерде жарамазан айтуы ерсі көрінеді. Баланың қауіпсіздігі басты назарда болу шарт. Жарамазанды бірінші кезекте ораза тұтушы мұсылманды сәресіге тұрғызу болса, екіншіден жарамазанның мән-мағынасына көңіл бөлген абзал. Яғни табыс көзі ретінде қарамаған дұрыс сияқты. Бұның басты мақсаты — жарамазан арқылы дінді насихаттау. Адамдардың дінге бет бұруына үлес қосу. Сондықтан да сәресіге айтса құба-құп. Бұл сауап. Яғни жарамазанды айтқан адам ақшаны ойламай сауап үшін айтуы керек.
Мінеки, жарамазан айтушы мен тыңдаушының пікірі осылай қақ жарылды. Ал, қадірменді оқырман, сіз не дейсіз?
Жанерке ХУМАР
№21, 22 мамыр 2019 ж