Шымкентте ер адам қыз баланың қалауынсыз үйленбекші болған. Жәбірленушінің материалды тәуелділігін пайдалана отырып іске асырмақ болған көрінеді. Салдарынан жәбірленуші қыз өмірден баз кешіп, өз өзіне қол жұмсамақшы болған. Осы жәйт бойынша қозғалған қылмыстық іс Әл Фараби аудандық сотында қаралды.
«Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотында материалдық тәуелділігін пайдаланып, оның еркінен тыс өзінің жұбайы ету мақсатында, бас бостандығынан бірнеше рет айырып, жәбірленушінің өзіне қол жұмсауға дейін итермелеу фактісі бойынша қаралған қылмыстық іс медиация тәртібінде қысқартылды. Басты сот талқылауында сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрап, оған келтірілген моральдық және материалдық зиянды өтегенін, өз кезегінде жәбірленуші сотталушыны кешіріп, оған қояр талабы жоқтығын алға тартып, істі медиация тәртібінде қысқартуды сұрады,»-деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұдан өзге мәлімет тараптардың құқықтарын сақтау мақсатында жария етілмейді дейді соттағылар. Тараптардың ортақ мәмілеге келуіне байланысты, іс Қазақстан Республикасының ҚК-нің 68-бабының негізінде қысқартылған.
Жанар Есенбекова