«Алып қашудың зардабы»: 24 жастағы қызды зорлап, аяусыз қинаған

148

Шымкентте 40 жастағы ер адам 24-тегі бойжеткенді алып қашып, қалауынсыз неке қидырған. Анасының айтуынша, олар қыздың телефонын алып қойып, екі күн бойы аштықта ұстаған. Жәбірленушінің сөзінше, алғашында алып қашып, үйленбек болған азамат кейін ол ойынан айнып қалған. Ал полиция департаменті мұнда ешқандай заң бұзушылық жоқ деп істі қысқартып тастаған.

«Шымкентте 24 жастағы қызды күштеп алып қашып, зорлық көрсеткендердің әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларын елең еткізді. Жәбірленушінің анасы Мадинаның айтуынша, қызы 28 мамыр күні жоғалып кеткен. Ал телефоны байланыс аясынан тыс жерде болыпты. Тек бірнеше күннен кейін, бойжеткенді 40 жастағы ер адам Бәйдібек ауданы Шақпақ ауылына күштеп апарып, екі күн аштықта ұстағанын білдік дейді.

«Біреуі басымнан көтеріп, біреуі аяғымнан көтеріп машинаға салды дейді. Айналадағы адамдардан көмек сұрапты. Бірақ олар тек тамашалап тұрыпты. Тіпті, қашып та көрген. Бірақ ешқандай такси тоқтамаған соң ұстап алды дейді. Сонымен қызымды үш-төрт машина болып мал сияқты әкетіпті. Егер қашып кетсең, барлық туыстарыңды өлтіріп, көзін құртамын деп қорқытыпты. Телефонын алып қойған. Алып қашқан күннің ертеңіне молданы шақыртыпты. Бірақ ол қызымның жылап отырғанын көріп, некені қимаймын депті. Алайда туыстары имамды мәжбүрлеген көрінеді. Ал сол күні қызымды төсек қатынасына тартқан. Мойнын қылқындырып, басын қабырғаға ұрып, үш рет зорлапты қызымды. Ал туыстары қарап тұрды дейді. Сосын «қызымды пәк» емес деп кіналап, көзіңді құрт деген»,-дейді жәбірленушінің анасы.

Бұған дейін ер адамның туыстары қыздың ата-анасына барып бір жарым млн теңге қалың мал мен мата әкеліп берген. Алайда кейіннен «қызың пәк» емес деген сылтаумен олар ақшаны кері қайтаруын талап еткен көрінеді.

Мадина, жәбірленушінің анасы: «Біз қалың малын бірден қайтарып бердік. Бірнеше күннен кейін қызыма сараптама жасаттық. Қатал бір әйел тексерді. Олар да ымдасып қойған ба, қызымның денесіне толық қарамапты. Ешқандай жарақат жоқ деп айтты. Бірақ, қызымның аяғы мен жамбасы көгерген екен. Оны ұялып айтпапты. 2 маусымда арыз жаздық, адвокат таптым. Бірақ іс бірден жабылды. Тәртіп сақшылары бұл оның танысы болса, істі жауып тастаймыз деді. Полиция да өзімізді кіналады. Олар қызымды аяусыз қорлады ғой. Заң қайда қалды? Мұндайға көз жұма қарай берсек не болады? Мен олардың заңмен жазалануын талап етемін».

«Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі де, мұнда бір шикілік бар екені айтады. Өйткені, тергеушілер жәбірленушінің іш киімін сараптамаға жібермей сақтап отырған көрінеді.

Дина Таңсәрі,«НемолчиKZ» қорының жетекшісі: «Тергеуші жәбірленушіден іш киімін алған. Бұл зат оның зорланғаны туралы делел бола алатын айғақ. Неге екені белгісіз, ол тергеушінің тартпасында жатыр және тергеуші оны ешқайда жібермеген, ол мұны сараптамаға жіберудің қажеті жоқ, тек оның пікірін тыңдау жеткілікті деп шешіпті. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады?».

Мұнда қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деген қалалық полиция департаменті істің қысқартылғанын растады. Ал әріптестерінің әрекетіне қатысты баспасөз қызметі ешқандай түсініктеме бермеді.

«02.06.2022 жылы Шымкент қ. ПД Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын үйлену мақсатында оны өз танысы ұрлап, алып кеткені туралы арызданған. Жайт ҚР ҚК-нің 126-бабы «бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша тіркелді. Жәбірленушінің өзінің және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларының жауаптарына сәйкес адамды заңсыз бас бостандығынан айыру жайты расталмады. Осыған байланысты, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына қатысты ҚР ҚПК 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағының талаптарына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қабылданған шешіммен аудан прокуратурасы келісті»,-делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Ал адвокат Евгени Яворский заң бойынша бір емес бірнеше бап бойынша іс қозғалуы керек еді дейді. Тіпті, мұндай жағдайда моральдық шығын да талап етуге болатынын жеткізді.

Евгений Яворский, адвокат: «Заң бойынша мұнда үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалуы керек. Олар ҚР ҚК-нің 120-бабы «зорлау», 125-бап «адам ұрлау» және 126-бап «Заңсыз бас бостандығынан айыру». Бұл өте ауыр жаза. Егер қыз келiсiм бермедім десе, тергеушінің олай айтуына құқығы жоқ. Сыбайлас жемқорлық бойынша да арыз жазу керек».

Зардап шеккен қыздың өзі сұхбат беруден бас тартты. Ол мұндай ауыр күнді есіме түсіргім келмейді дейді. Тіпті, көшеге шығудан қорқып қалдым деген бойжеткен сол оқиғадан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ та болыпты.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева