Шымкенттік тәртіп сақшысы Еліміздің үздік учаскелік полицейі атанды

497

Елордамыз — Нұр-сұлтан қаласында «Полицияның үздік учаскелік инспекторы» республикалық байқауы қорытындыланып, жарыстың жеңімпаздары марапатталды.

Ішкі істер Министрлігінің ұйытқы болуымен өткен айтулы сайысқа еліміздің 195 мың тұрғыны атсалысқан. Дәлірегі, отандастарымыз Министрліктің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үздік иснпекторларға дауыс берген.

Сонымен, «Республикалық маңызы бар қалалардағы үздік учаскелік инспектор» аталымында шымкенттік полицей топ жарды. Әл-Фараби ауданының полиция басқармасының полиция инспекторы Ербол Юсупов  «Қазақстан Республикасының үздік учаскелік иснпекторы» мәртебесінің І дәрежелі дипломын еншіледі. Сондай-ақ, оған «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Және ол сый-таралғыны Ішкі істер Министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі тапсырды.Ербол Юсупов — 31 жаста. Жоғарғы оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Құқық қорғау саласында 15 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінде жан-жары Айгерім Жандарова екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр.

Ербол Юсупов
Ербол Юсупов

«Жасымнан полиция қызметкері болсам деп армандадым. Әкем — Айтбай, анам — Ләйлә екеуі де менің таңдауыма қарсы болмады. Тиісінше, қолдау көрсетіп, әскери мектепке түсірді. Еліме адал қызмет етіп, қоғамдағы қылмыс пен құқық бұзушылықпен күресу керек екенін де санама сіңіріп өстім. Қазіргі қызметімде де түрлі жағдайлар кездеседі. Енді біздің әкімшілік аумақта неше түрлі шақыртулар болады, әр түрлі адамдарды көреміз.  Білімді адамдар да бар, нашақорлар да бар, бұрын сотты болғандары да бар, спирттік ішімдікке бейім тұлғалары да бар. Олармен күнделікті жұмыс жүргіземіз, әкімшілік аумақта профилактика істеп тұратын тұрғындармен күнделікті сұхбат жүргіземіз, үйлеріне барамыз уақытылы. Бастысы, өзіме жүктелген жауапкершілікті бәрінен биік қоюды ұмытқан емеспін», — дейді Ербол Юсупов.

Ербол Юсупов жанұясымен бірге
Ербол Юсупов жанұясымен бірге

Ішкі істер Министрлігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, Мемлекетімізде жыл сайын учаскелік полиция инспекторларының тікелей жұмысы арқылы 40 мыңға жуық қылмыс ашылып келеді. Және Еліміздегі 166 мыңға жуық адам, 8,5 мың отбасы және 7 мыңға жуық кәмелетке толмағандар учаскелік полиция инспекторларының бақылауында тұр. Бұл — олардың жұмыс-жүктемесінің жауапкершілігі мен еселі еңбегін екшесе керек-ті.

Мөлдір Бекеева