Биылғы күз сәні

368

Жаймашуақ жаздың бітіп, күрең күздің келуіне де аз қалды. Осы тұста 2019 жылдың күз айындағы сән әлеміндегі өзгерістерімен таныса отырыңыз. Әйел затын ешқашан жалықтырмай, керісінше қызықтыра беретін сән әлемінің күзгі трендтерімен сәнгер Наз Герман таныстырады.

Жыл сайын хаки (көкшіл, сұр, сарғыш, жасыл), ақшыл, сары, ақ сары (бежевый), қызылсары, яғни күз мезгіліне жақын, күзгі табиғатта көбірек белең алатын түстер сәнде болады. Биыл осы түстерге өзгешелік қосылды. Ол сиякүлгін (фиолетовый), лимон сияқты сары түс және аспан түстес көк түс сәнге кірді. Аруларымыз күзде киім аларда осы түстерге басымдық берсе, сәнді киінген болады.

Алдағы күзде қандай мата мен материалдағы киімдердің трендте екенін айта кетейін. Ең алдымен, ол әрине былғары. Бұрынғыдай тек қара және денеге жабысып, тырысып тұратын былғары күртелер емес, барынша денеге кең тұратын, түрлі-түсті былғары киімдер сәнге кірді.
Былғарыдан кейінгі сәнде болатын материал – атлас. Бұл 90-жылдардағыдай тағы да сән әлеміне кіріп келді. Осы атласты өте дөрекі (грубый) үлгідегі киімдермен үйлестіріп киген әдемі шығады. Айтар болсам, үлкен аяқ киімдермен, үлкен тоқылған жемпірлермен жақсы үйлеседі. Көрер көзге де әдемі, сәнді көрінеді.
Тағы бір күздік сәнге келген материал – синтетикалық, яғни, суық өткізбейтін жылуды сақтайтын одея-ло немесе пухтардың бір бөлігі қойылған немесе толықтай осы маталардан жасалған киімдер сәнде болып отыр.
Сосын өткен қыстан бергі сәндегі анимастикалық принттер қаладағы сафари немесе әртүрлі жан-жануарлардың принттері жасанды ішік, жасанды тондар сәнге кірді. Дегенмен, осы жасанды тондарды алғанда олардың сәніне, әдемі үйлесіммен жасалғанына асқан жауапкершілікпен мән беру керек. Егер оған қатты мән бермесеңіз, өте арзан әрі өте нашар көрінуі мүмкін. «Сәнде екен» деп өзіңізге соншалықты жарастырмай, талғаммен қарамай алған дүние сізге тек қана кері әсерін тигізеді. Сондықтан мейлінше жоғары талғаммен және өзіңізге жарасымына қарай алған дұрыс.
Күзде панама бас киімдер қатты сәнде болады. Бұл жазда шляпалардан бастаған. Күзде қатты, қалың материалдардан панама кию сәнде. Мұны да ескеріңіз.
Екі жыл қатарынан бізде белге акцент жасалып келді. Осы жылы иыққа акцент жасалады. Яғни, иық тұсы, жеңдері мейлінше үлкен затар сәнде болады.
Әшекейге тоқталсам, әртүрлі «ракушка» түрлеріндегі әшекейлер және меруерт-інжу сол күйі сәнде қалады.
Ұшы үшкір аяқ киімдер сәннен шығып, төртбұрыш аяқ киімдер сәнге кірді. Бұл аяқ киімдердің сәнге енуі осы көктемнен басталған. Күзде де қыста да осындай үлгідегі аяқ киімдер сәнде қалады.
Сонымен қатар, 1-2 жыл бойына сәнде болған дөрекі формадағы аяқ киімдер әрмен қарай да солай болмақ. Сондай аяқ киімдерді атлас юбкалармен кию сондай тартымды көрінетінін де естен шығармағайсыз.

Жазып алған –Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №33, 14 тамыз 2019 ж