Úı ANONS «Нұрайдың ісі»: Күдіктінің емге жіберілгені расталды

«Нұрайдың ісі»: Күдіктінің емге жіберілгені расталды

Шымкентте қоғамды дүр сілкіндірген қылмысқа қатысты жаңа дерек шықты. Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық орталыққа жіберілгені белгілі болды. Бұл – жазадан жалтарудың амалы ма? Марқұмның туыстары не деп дабыл қағуда? Тергеудің бүгінгі барысы – алдағы сюжетте.

Қоғамдық орында бірнеше жерінен пышақталып, кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша жаңа деректер жарияланды. Марқұмның ағасы әрі қоғамдық қорғаушысы Сұлтан Серікбай күдіктінің психикалық денсаулық орталығына жатқызылғанын айтып дабыл қақты. Ол жазадан сытылып кетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға қатысты тергеудің басталғанына  үш айдан асты. 28 жастағы күдікті оқиға орнынан қашып кетіп, полиция оны екі күннен кейін тапқан еді. Бұған дейін ол тергеу изоляторында жатқан.

Күдіктінің емдеуге жіберілгенін қалалық полиция департаменті де растады. Полиция мәліметінше, күдіктіге қатысты «Адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» бабымен тергеу жүріп жатыр. Десе де сараптама қорытындысы күдіктіден психикалық ауытқуларды анықтаған.

«Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Күдікті – Нұрайдың танысы. Нұрай онымен былтыр жазда тойда танысқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған.  Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткен соң оған кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамаған. 11 қаңтар күні Нұрай дүкеннен ұн алуға шыққанда оның үйін торуылдан жүрген күдікті ұстап алып, артынан қуып, пышақтап кеткен еді. Нұрай оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған.

Дилара Иса