Жарылған құбыр баспанасыз қалдырмақ

586

Қала шетіндегі «Бозарық» шағынауданының тұрғындары айдың күннің аманында далада қалып отыр. Жер асты су құбыры жарығынан сыздап аққан су Тянь-Шань көшесінің бойындағы бірнеше баспананы жарамсыз күйге түсірген.

Құбырды жамап, қайта іске қосқанымен тұрғындардың көңілі орнында емес. Жауапты мекемелер бұл жағдайды техногендік апатқа жатқызған.

Апатты жағдайды естіген бойда оқиға орнынан табылған мамандар құбырдың неден жарылғанын түсіндіріп бере алмапты. Тек жөндеу жүргізіп, қалпына келтірген. Жер астынан сыздаған су мына үйлерді жарамсыз күйге түсірген.

Жанар Досалиева — дәл осы үйдің иесі. Құрылысы әлі де толық бітпеген басындағы панасы құлаудың шақ алдында тұр. «Тірнектеп тапқан қаражатыма соғылған шаңырағымнан бір-ақ күнде айырылғалы тұрмын» деп шырылдайды ана.

Үйлерінің қақ ортасынан бөліне бастағанын көрген тұрғындар Қаратау аудандық әкімдігі мен суға жауапты мекемені шақыртып, дабыл қаққан. Дер кезінде комиссия мүшелерін жасақтап, үйлерді аралаған мамандар тек зерттеу нәтижесінен кейін ғана қорытынды шешім шығарамыз дейді.

Бауыржан Ділдабеков, «Қазба жұмыстарында ақау орын алды. Эксперт не айтады, сол бойынша тұрғындарға жауап береді».

Мекеме өкілдері зерттеудің қашан басталатынын да нақтылап айта алмады. Ал, төрт қабырғасына үрейлене қарап отырған тұрғындар жабулы қазанды, жабулы күйінде қалдырмаймыз деп бекініп отыр.

Болған оқиғаға нақты шешім шығарар кез-келген есікті қағуға дайын. Әзірге, атқарылған мардымды жұмыс — әкімдіктегілердің арнайы акт түзіп, төтеншеліктерге сақтандыру лентасымен үйді қоршауға берген тапсырмасы ғана.

Гүлнұр Әмірәлі