Облыстық опера және балет театрында Әзірбайжан композиторы Узеир Гаджибековтың ең танымал туындысы сахналанды. «Аршын мал алан» музыкалық қойылымында әлемді ұстаушы күш – махаббаттың құдіреті дәріптеледі.
Адамзатты өзіне мұқтаж еткен нәзік сезімнің дүние-мүліктен де жоғары екендігі дәлелденген спектаклді тамашалағандардың қарасы мол болды.
Қойылымда қай қоғамда болмасын өзекті саналатын бай мен кедей арасындағы айырмашылық ашық көрсетіледі. ХХ ғасырдағы әйел теңдігі тақырыбы да қозғалған. Естіген құлаққа жағымсыз естілетін тақырыптар еріксіз езуге күлкі үйіреді. Қойылымның ерекшелігі де осында.
Өзекті мәселелер комедиялық жанрда көрерменге жол тартқан. Осы келеңсіздіктің барлығын тек махаббат арқылы жеңуге болатындығын шынайы көрсете білу үшін режиссердің өзіндік шешімі де болған.
Қайрат Құлыншақов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, режиссер: «Әртістерді көбірек тыңдадым. Олардың ойларымен, ұсыныстарымен санастым. Менің ерекшелігім әртістерге өзінің бойындағы, табиғатына жақын мінезін сахнада қолдануға мүмкіндік бердім».
Бауырлас елдің шығармасын жергілікті әртістер сахналап шығуда тосылмағандарын айтады. Оның себебін екі ел арасындағы әуендердің ұқсастығында. Сондықтан да басты кейіпкер Гүлчохраның рөлін сомдаған Гүлжан Төлегенова көрерменге махаббат құдіретін сезіндіргеніне сенімді.
Гүлжан Төлегенова, Облыстық опера және балет театрының әртісі: «Бұл операның ерекше әндері, ариялары, дуэттері біздің халыққа жақын. Музыкалық жағынан. Сондықтан да маған орындап шығуға қиын болмады».
«Аршын мал алан» спектаклі опера және балет театры сахнасынан 2011 жылдан бері түспей келеді. 8 жылдың ішінде тұрақты келетін көрермендерін де қалыптастырған. Бүгінде құны жоғала бастаған мейірім мен махаббатты дәріптейтін қойылым алдағы маусымда ел назарына жиі ұсынылмақ.
Жанерке Хумар