Мегаполистер әкімдіктерінің құзыреттері кеңейтіледі

123

Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент әкімдіктерінің құзыреттері кеңейтіледі. Республикалық маңызы бар қалалар тұрғындарының көптігіне алаңдай бастаған билік басындағылар осындай шешімге келді. Бүгін Үкімет отырысында магаполис әкімдіктерінің құзыреттілігін кеңейтудің тетіктері қаралды. Үкімет басшысы қатысқан жиында тағы қандай мәселелер көтерілді?

Мықты аймақтар — мықты ел! Ел президенті өзінің алғашқы Жолдауында жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын. Соның негізінде енді еліміздегі мегаполис әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі: «3 ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі, тұрғын үй бағдарламалары операторларының саны қысқартылады, Парламент жанынан заңнаманы зерттеу институты құрылады».

Бюджет қаржысын игере алмағандар да Үкімет назарында болады. Асқар Мәмин ақшаны жұмсаудың тиімді тетіктерін таппаған министрлер мен әкімдерге шара көрілетінін айтты. Айтуынша, ең көп қаржы Ішкі істер министрлігінде және Қорғаныс министрлігінде екенін айтты.

Аталған ведомстволар кемі 10 млрд. теңгенің есебін шығара алмай отыр екен. Премьер-министр жыл соңына дейін осы олқылық қайталанса, онда бірінші басшыларға қатысты тиісті шара қолданылады деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Өткен аптада Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Онда Елбасы саясатының сабақтастығы көрініс тауып, Үкіметке экономиканы одан ары дамытуға бағытталған бірқатар негізгі міндет белгіленген. Жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы орнықты өсімін қамтамасыз етіп, оның 2025 жылға қарай 5 пайызға жеткізіп, одан да жоғарылату Үкіметтің негізгі міндеті болып саналады».

Үкімет жолдауда жүктелген міндеттерді орындау үшін жалпыұлттық жоспарды бекітті. Жоба 5 бағытты қамтиды. Соның аясында 81 іс-шара жүргізу жоспарланып отыр. Жалпыұлттық жоспар енді Президенттің қарауына жіберіледі. Мемлекет басшысы бекітсе, құзырлы орындар сол бойынша дереу жұмысқа кіріседі.

Мақпал Рысбаева