«Шаян» индустриалды аймағы қаңырап бос тұр

259
фото Turkistantimes.kz

Желге ұшқан миллиондар. Кезінде жүздеген миллион «Шаян» индустриалды аймағын кәдеге жарата алмай отыр. Билік осыдан біраз жыл бұрын қалаға жақын орналасқан жерді қоршап, оған инфрақұрылым тартқан болатын. Бірақ күні бүгінге дейін онда бірде бір өндіріс іске қосылған жоқ.

Шаян индустриалды аймағының құрылысы басталғанынна бірнеше жыл болған. Атауын алыстан көрінетіндей етіп жасағанымен, іші қаңырап бос тұр. Ел экономикасына сүбелі үлес қосуға бағытталған дәл осындай басы бар, аяғы жоқ жобаларға аз қаражат бөлінбесе керек. Дәл қазір мұнда қарқынды жұмыс пен қызу тірліктің орнында сарғайған шөп, қураған жантақ, жайылып жүрген малды ғана көре алдық.

«Шаян» экономикалық аймағының құрылысы 2014 жылдың соңында басталып, 2016 жылы аяқталғанымен, бірде-бір жоба іске асырылмаған. Жыланды елді мекеніндегі ат шаптырым жердегі қоршаудың ішінде қазір жалғыз үй тұр. Десек те, инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, электр қуаты тартылған. Кәріз жүйесі мен 1 шақырым ішкі жолдар төселген. Соның бәріне 343 млн теңгедей жұмсалған. Индустриалды аймақ Бәйдібек ауданында болғанымен, аудан басшылығы біздің қатысымыз жоқ деп өздеріне шаң жуытпай отыр. Жауап бере алмаймыз дейді.

Руслан Нұрманбетов, Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Мен ешнәрсе білмегендіктен ешнәрсе айта алмаймын. Бізге қарағанымен біз тапсырыс беруші болмағанбыз, біз ештеңе істетпегенбіз. Аймақ бізге қабылданбаған, тіпті энергетика басқармасы қабылдап бізге өткізбеген».

Аудан облысқа сілтеді. Жырға айналған аймаққа жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Тапсырыс беруші тарап индустриалды аймақты қабылдаудың ұзаққа созылуын су тапшылығына әкеліп тіреді. Олардың айтуынша, су Жыландыдан тартылса, ондағы тұрғындар сусыз қалады екен.

Жарқынбек Құрманбек, Облыстық Энергетика басқармасының жобалау бөлімінің басшысы: «Бұл жерде ең үлкен мәселе су мәселесі. Ақша құйылған. Проект бойынша аудан қасындағы елдімекеннен тартатын болған. Бірақ ол ауылда 4 л/сек, ал индустриалды аймаққа 6 л/с керек. Халыққа жетпегендіктен, суды бергізбеді бізге».

Облыстық энергетика басқармасы миллиондар жұмсалып, жобасы жасалған экономикалық аймақты Бәйдібек ауданы мен облыстық Кәсіпкерлік палатасы игеріп кете алмай отырғанын айтады. Себебі, бір де бір кәсіпкер мұнда келуге құлықсыз. Ал, 5 жылдан бері қаңырап, жері жайылымға айналған индустриялды аймаққа суды ауданның есебінен тартылатынын айтты.

Жарқынбек Құрманбек, Облыстық Энергетика басқармасының жобалау бөлімінің басшысы: «Кәсіпкерлік тарапынан ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Аудан әкімдігі сол жергілікті кәсіпкерлерді ұйымдастыра алмай отыр. Басында сол кәсіпкерлер 2-3 гектардан алған, алуын алып алып енді құрылысын бастамай отыр».

Орайы келгенде айта кетейік, экономикалық аймақ туралы аудан берген мәлімет пен облыстық энергетика басқармасының келтірген деректерінің сай келмеуі миллиондар жұмсалған индустриалды аймақтың тағдыр «сен салар да, мен салардың» кебін кигенін байқатады. «Шаян» өндірістік аймақ туралы дерек жазылған билбордта оған аудандық бюджеттен 13 млн. 800 мың бөлінгені жазылған. Ал, өздері бір тиын да шығармадық деп еді. Қос тарап кімге сілтерін білмей жүргенде, миллиондар жұмсалған жоба сол күйі қаңырап бос тұр.

Гүлнұр Әмірәлі