Шымкентте алимент борышкерлеріне арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

112

Шымкентте алимент борышкерлеріне арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда жұмыс берушілер 2 мыңнан аса бос жұмыс орындарын ұсынды. Жылдар бойы жұмыссыз болу себебінен отбасы алдындағы міндетін орындамай келген азаматтарға халықтың тұрмысын түзеу мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, бос жұмыс орындарына жолдамалар берілді.

Бағдат Архабаевтың сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелгеніне жарты жыл уақыт өтті. Жұмыссыз азамат осыған дейін балаларын асырап бағуға қажетті қаражатты тауып бере алмай жүргенін айтады. Екі қолға бір күрек іздеп жәрмеңкеге келген оған бірнеше жұмыс орындары ұсынылды. Түнгі ауысымда жұмыс істеуді қолайлы көрген ол өз таңдауын жасады.

Бағдат Архабаев, Шымкент қаласының тұрғыны: “Қаржыдан қатты қысылдым, жұмыссыз болдым. “Фиркан” дүкеніне күзетші болып жұмысқа орналасатын болдым, жолдама берді”.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы мен прокуратура, әділет саласы өкілдерінің бірлесуімен өткен жәрмеңкеде 160 мекемеден 2, 5 мыңнан аса бос жұмыс орны ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде қалада жұмыссыз ретінде алименттен қарызы бар 200 борышкер тіркелген. Мамандар екі қолға бір күрек іздеп келген азаматтарға бизнес ашудың тетіктерін де түсіндірді.

Айта кетейік, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі қазан айында да ұйымдастырылады. Жұмыс берушілер мен жұмыссыздар үшін тиімді шара қаладағы 4 ауданда өтеді.

Мақпал Рысбаева