Шымкентте алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің саны артып барады. Қазіргі таңда сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіруге қатысты 14 мыңға жуық атқарушылық іс қаралуда. Прокуратураның мәліметінше, олардың арасында алимент төлеуден әдейі жалтарып жүргендердің саны 3 мыңға жуықтайды. Ал борышкерлердің қарызы қанша?
Бауыр еті баласына алимент төлемей жалтарғандардың қарызы 5 млрд. теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш кәмелетке толмаған балаларды асырау мәселесінің өзекті болып тұрғанын аңғартады. Десе де, құзырлы орган өкілдерінің араласуымен бес баланың анасы 11 млн теңге берешегін өндіріп алды.
Қала тұрғыны: «Сот бұйрығы әлеуметтік өндіру бойынша шыққан, менің бес бала шағам бар. Қазіргі уақытта алимент қарызы 11 млн теңгеден асқан. Қарызын бермей келген еді. Еңбекші аудандық прокуратураның қызметкерелері борышкерді қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізіп алимент қарызымды өндіріп берді. Рахмет».
Прокурорлардың айтуынша, борышкерлердің басым бөлігі тұрақты жұмыс істемейді немесе табысын жасырады. Соның салдарынан алимент өндіру жұмыстары қиындай түскен. Десе де, жыл басынан бері, 53 борышкер әкімшілік жазаға, ал 12 азамат қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Нәтижесінде, 340 млн теңге өндірілген.
БАУЫРЖАН МЫРЗАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ: «Әкімшілік қамақтан бөлек, қылмыстық жауаптылыққа тарту да жүргізілуде. Шымкент қаласында жыл басынан 42 борышкерге қатысты қылмыстық жауаптылыққа тарту жөнінде іс қозғалды. Оны тергеп-тексеру нәтижесінде, 32 іс сотқа жолданды. 1 іс алимент берешегін өтеуіне байланысты ақталмайтын негізде тоқтатылса, қалған істер бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде».
Айта кетейік, қала бойынша 13813 атқарушылық іс бар. Олардың ішінде 3 мыңға жуығы алимент төлеуден бас тартқандар. Оның 230-дан астам ісі әйелдерге қатысты дейді прокурор. Естеріңізге сала кетейік, тиісті сала мамандары бала алдындағы міндеттен жалтармауға шақырады. Өйткені алимент, баланың заңды құқығы әрі оның қалыпты өмір сүруіне қажетті қаражат деп отыр.
Нұргүл Жолымбетова






