Úı ANONS 98 адам алимент төлемегені үшін сотталды

98 адам алимент төлемегені үшін сотталды

Балаларының алдындағы міндеттерін орындамаған 100 — ге жуық борышкерге сот үкімі шықты. Ал, 250- ден астам азамат қамауға алынды. Бұл туралы қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова мәлімдеді. Бұдан бөлек, оның айтуынша, өзгенің брендін заңсыз пайдаланғандарға шара көрілген. 

Шымкентте өзге тауар белгілерінің атауын заңсыз қолданған тұлғаларға қатысты 50 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды дейді әділет департаменті басшысы. Оның айтуынша, бұл жұмыстар зияткерлік меншік нысандарын қорғауға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және құқық иелерінің заңды мүдделерін сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуына жол бермеу мақсатында биыл құқық иелерінен түскен арыз-шағымдар негізінде бірқатар тексеру шаралары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өз тауар брендін қалыптастырып, кәсібімді дөңгелетемін дегендер үшін уақыт мерзімі қысқарды дейді.

АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Өзінің тауар брендін тіркеу үшін уақыт азайды. Бұрын тауар белгісін тіркеу шамамен 7 айға созылатын. Енді ақылы түрде жедел тіркеу мүмкіндігі бар, соның арқасында тіркеу 4 айда аяқталады. Бұл кәсіпкерлерге өз өнімін нарыққа тез шығаруға жол ашады. Кәсіпкерлерге қолдау ретінде шығарылған жаңа заң».

Сонымен қатар, заңсыз айналымнан жалпы құны 35 млн. теңгені құрайтын 58 062 дана контрафактілік өнім тәркіленген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсіп отыр. Мамандардың айтуынша, жасанды тауарлардың басым бөлігі тұрмыстық химия мен тағам өнімдері санатына жатады. Мұндай өнімдер адам денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін екен.

АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бұл істер соттан өткеннен кейін, соттың арнайы қаулылары шығады. Сәйкесінше, ол жерде бұл заттарды жою туралы жазулы тұрады. Бұл соттың актілері мемлекеттік сот орындаушыларға түседі. Олар оны ашық түрде жою әрекеттерін қамтамасыз етеді. Әрбір шыққан іс аясында контрафактілік заттар жойылады».

Бұдан бөлек, қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі алимент өндіру жайты сөз болды. Басшының айтуынша, Шымкент қаласы бойынша борышкерлерге қатысты 13 727 іс тіркелген. Оның ішінде балаларының алдындағы міндетінен жалтарған 98 азаматқа соттың үкімі шыққан. Ал, 256 адам қамаққа алынған.

Нұргүл Жолымбетова