Úı ANONS 108 ана мемлекеттік мекемеге алимент төлейді

108 ана мемлекеттік мекемеге алимент төлейді

Шымкентте 270 әйел балаларының алдында борышкер ретінде тіркелген. Олардың 108-і мемлекеттік мекемелердің тәрбиеленушілеріне алимент төлейді. Соның ішінде 50-ден астамы өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығындағы балаларға, қалғаны өзге балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге қаражат төлеп отыр. Мамандардың сөзіне сенсек, бауыр еті баласынан бас тартқандардың басым көпшілігі жұмыссыздар, кезбеге айналғандар сонымен қоса жеңіл жүріске салынғандар екен.

Қоғамда алимент мәселесі көбіне әкелерге қатысты айтылып келеді. Алайда, соңғы жылдары балаларын тәрбиелеуге міндетті бола тұра, олардың алдындағы берешегін өтемейтін де аналар да бар екен. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ бауыр еті баласын бағуға жағдайы жоқ аналар да жеткілікті. Мәселен, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығына 63 борышкер алимент төлеп келеді. Оның ішінде тең жартысы әйел адамдар. Олардың басым көпшілігі жұмыссыз болса, ішінде кезбе және алкогольді ішімдікке салынғандар да бар дейді мамандар.

МЕЙРАМ ҚАЛЫБЕКОВА, ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ЖҮРГЕН БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГІ: «Қазіргі таңда 117 баламыз бар. Оның ішінде 63 баламен алиментпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Көп жағдайда әйелдер жалғызбасты болып келеді. Жолдасы қайтыс болғандар. Бізде бір ана СПИД центрде есепте тұрады. Сондай -ақ, ішімдікке салынған. Жұмыс жасамайды. Алимент өндірілген. Бірақ жұмыс жасамайды».

Сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген аналардың саны аз болғанымен, бұл мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Кейбір аналар қаржылық қиындықтарға, жұмыссыздыққа немесе денсаулық жағдайына байланысты алимент төлеуді кешіктіреді. Ал енді бір бөлігі сот шешімін орындаудан әдейі жалтарады. Оларға құзырлы орган тарапынан атқарушылық іс қозғалады.

ЖІБЕК БЕЙСЕНБАЕВА, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: «Борышкерлерге соттың шешімін орындамау бойынша айыппұл және қамаққа алу жазасы қарастырылған. Одан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін төленбейтін болса, қылмыстық кодекстің 139 бабына сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын да ескертеміз».

Табысын жасырып, алименттен жалтарғандар да бар. Олармен заң аясында жұмыс істейміз дейді сот орындаушылар. Айтуларынша, алимент төлемеу фактілерінің бір бөлігі ресми табыстың болмауымен байланысты. Алайда тексеру барысында кейбір борышкерлердің бейресми түрде табыс тауып жүргені немесе мүлкін үшінші тұлғалардың атына рәсімдегені анықталады. Ондай жағдайда, тиісті шараларды қолданады екен. Десе де, әр ата-ана баласының алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.

СӘНИЯ ЖАРҚЫНБЕКҚЫЗЫ, СОТ ОРЫНДАУШЫ: «Егер де, борышкерлердің айлық табысы болса, сәйкесінше, айлық табысының бірі балаға 25 пайызы, екінші балаға 33 пайыз. Үш одан көп балаға 50 пайыздан ұсталынады. Ал егер де борышкер жұмыспен қамтылмаған болса, Республикада белгіленген орташа айлық көрсеткіші бар, сол бойынша белгіленеді».

Айта кету керек, баланың мүддесі әрдайым бірінші орында тұруы керек. Десе де, Шымкент қаласы бойынша 13 мыңнан астам борышкер бар. Олардың кейбірінің балаларының алдынғы жалпы қарызы 4 млрд теңге жуықтаған. Оның ішінде шетел асып, жылдап берешегін өтемеген әйелде бар екен.

Нұргүл Жолымбетова