Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі аппаратында өткен «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында жолдарға жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасын және уақытылы жүргізілуін талқылау бойынша жиында айтылды.
Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, қала әкімінің орынбасары Б.Парманов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы мен жауапты мамандары, Шымкент қаласы бойынша жол активтері сапасының ұлттық орталығы, мердігер компаниялар өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Департамент басшысының орынбасары Т.Серікбаев нақты «проблемалық бағыттарға» көңіл бөлу және оларды шешу сыбайлас жемқорлықтың алдын-алудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табыладығын жеткізді. Сондай-ақ, ол жолдардың сапасы «проблемалық аймақта» және үнемі халықтың назарында екендігін айтты.
Сондай-ақ, шара барысында Департамент тарапынан «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Қоғам өкілдерімен бірлесе жол сапасын тексеру бойынша бірнеше рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, Самал-3 мөлтек ауданындағы Мұғалжар және Жәнібек хан көшелерінің құрылысы сапасында бірқатар кемшіліктер анықталған.
Осыған байланысты, жүргізілген рейдтік іс-шараның қорытындысы бойынша акт түзіліп, тапсырыс берушіге кемшіліктерді жою туралы ресми хат жолданған. Мердігерлерге аталған жолдардағы кемшіліктер жойылмайынша, тапсырыс беруші тарапынан қабылдауға алынбайтындығы жеткізілді.
Қала әкімінің орынбасары Б.Парманов жол сапасының маңыздылығына тоқтала келе, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол сапасын қатаң бақылауға алуды, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен қоғам өкілдерін жол сапасын бақылауда бірге жұмыс жасауға шақырды.
Жиын қорытындысымен мердігер компаниялар мен жол саласының мамандары жол сапасына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Айта кетейік, «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы парақорлыққа қарсы күрес менеджменті жүйесіне сәйкес комплаенс саясатын және парасаттылық қағидаттарын енгізуге, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған.