Úı ANONS «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жөндеу жұмыстары басталды

«Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жөндеу жұмыстары басталды

Туристік маусымға дайындық қызған шақта «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жөндеу жұмыстары басталды. Алайда, мәдени орын қонақтарды қабылдауды жалғастырып жатыр. Жыл басталғалы мұнда мыңдаған турист келіп үлгеріпті. Оның ішінде шетелдік дипломаттар да бар екен.

Қаланың биік нүктесінде орналасқан тарихи-мәдени кешенде жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жеке инвестор Этно-ауылды жаңғыртып, туристік маусымға дайындап жатыр. Десе де, мәдени орын есігі қонақтар мен туристер үшін айқара ашық. Айта кету керек, жыл басталғалы мұнда 3500-нан астам азамат келіп үлгерген.

ӘЛИ СОВЕТOВ, «ШЫМҚАЛА» ТАРИХИ-МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Дәл қазіргі сәтте Цитадель жұмыс жасап тұр. Біздегі билет бағасы оқушыларға 200тг, студенттерге 300 тг, ҚР азаматтарына 500 тг, шетелдік туристерге 1000тг»

Перизат Биболатқызы тарихи-мәдени кешенде үш тілде экскурсия өткізеді. Ол жыл сайын мәдени орынға келушілер саны артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, туристік маусым кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер Шымкенттің көрікті жерлерімен танысып, қаланы тамашалайды екен.

ПЕРИЗАТ БИБОЛАТҚЫЗЫ, ГИД-ЭКСКУРСОВОД: «Біздің кешенге туристер өте көп келеді. Келушілер қатарында туристермен қатар жергілікті қонақтар да бар. Тіпті тарихи кешенімізге елшіліктерден де меймандар келеді. Мысалы, өткен аптада Украина елшісі келсе, екі апта бұрын Германия елшісінің орынбасары келді. Енді ертең Бельгия елшісі келмек»

Айта кетсек, «Шымқала» кешені үлкен ауқымда бой көтерді. 2018–2020 жылдары мұнда археологтар зерттеу жүргізіп, реставрация мен консервация жұмыстары атқарылды. Ал 2021 жылы ежелгі қалашықта ашық аспан астындағы музей салтанатты түрде ашылды. Жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 2 миллиард 400 миллион теңге бөлінді.

Лаура Бабас