Тұрғын үй кезегіне тіркеле алмай жүргендер тарапынан арыз көп

213

Мемлекеттік қызметкерлер ескерту алды. Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне келіп түскен өтініш себеп болды. Өтініште Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың өте кеш жүргізілгендігі айтылған.

Ал жұмыспен қамту орталығының мамандары өздеріне бір айдың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алуға 45 мың адам келгенін айтып ақталды. Бәрін мұқият тыңдаған департамент басшысы жұмысты жүйелей түсу қажет деді.

Өтініш берген адамдармен кері байланыста болу қажеттігін де атап өтті. Одан бөлек, мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тұрғын үй кезегіне тұра алмай жүргендер де хат жазған. Өтініштерді қабылдаудан бас тартқан тұрғын үй басқармасы маманының айтылған уәжі теріске шығарылды. Оған Айбек Шілманов «Заңды қайта бір оқып шығыңыз» деп ескертпе жасады. Ал тұрғын үй кезегіне тұрамын деушілерге ақпаратты молынан жеткізуді тапсырды.

Айбек Шілманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Бізге түсіп жатқан арыздарды қарап отыратын болсақ, тұрғын үйге қатысты сұрақ көп кездеседі. Неге тұрғын үй кезегінен алып тастады? Неге тіркемейді деген сауалдар көп. Сол үшін электронды түрде сайтта кезекті көрінетін етіп қою керек. Сосын келген адамдарға брошюралар тарату керек».

Меруерт Ахан