Шымкентте автогаз тапшы. Қаладағы газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қайта пайда болды. Жүргізушілер сағаттап күтсе де, кей жерлерде газ мүлде жоқ. Тапшылықтың себебі неде? Баға тағы өсуі мүмкін бе?
Шымкенттегі газ құю бекеттерінде тағы ұзын-сонар кезек пайда болды. Бірқатар орындарда газ жоқ деген жазу ілулі тұр. Жүргізушілер сағаттап кезекте тұр. Кей бекеттерде талас-тартыс болмауы үшін кезекті әдеттегідей қағазға жазып жатыр.
Жүргізушілердің сөзінше, 5 күннен бері қалада газ азайғаны байқалған. Олардың пікірі әртүрлі. Бірі бұл газ бағасын қымбаттатудың амалы десе, енді бірі газбен жүретін көліктердің көбеюінен деп біледі. Мысалы, тәртіп бойынша бағаны жылына 7 теңгеден артық көтеруге тыйым салынған. Десе де өткен жылы 70 теңгеден 102 теңгеге дейін өскені айтылады.
«Шымкентте азанда 1 сағаттай айналдым. Еш жерде жоқ. Жоқ, еш жерде газ жоқ. Тапшы болғаны, көтеріп жатыр-ау. Кеше мен Түлкібастың трассасында 120 теңгеден құйдым. Бұл жақта да көтерудің мәселесі шығар».
«Біреулер такси айдайды, бала-шағасын бағады. Біреуі кредит төлейді. Осымен күн көріп отыр. Бірақ нәтиже жоқ. Кезекте тұрмыз. Жарты күніміз кезекте өтті. Қараңыз қанша машина тұр. 70-80 адам кезекте. Барлық жерде – осы. Жоқ газды күтіп тұр ғой. 135-тен сатып жатыр. Иә, Темірлан тас жолының бойында 135-тен сатып жатыр. Құйсаң құй. Құймасаң құры».
Газ құю бекеттері тапшылықты жоққа шығармайды. Дегенмен олар, газ аз болғанымен оның бағасын өсіру туралы сөз болмағанын айтады.
«Осы біреуін толтырып береді. 4 тонна, осыны сататын едік. Оны кешке дейін сататын едік. Кейде таңертеңге қалатын. -Жетпей жатыр ма? — Таусылып қалады. Шамамен 3-4-те таусылады. — Бағасы қанша болып жатыр? — 102. Көтеру, жоқ, жоқ. Сол 102, ескі баға. Бір әкелгенің 1 күнге жетіп жатыр ғой. Машина көп болғандықтан 1 күнде бітіп кетіп жатыр. Әкеп үлгермей жатыр. Вагон келіп үлгермей жатыр. — Себебін айтып жатыр ма? — Себебі көп машиналарда газ бар. Бірақ техпаспортта газ қойылғаны жазылмаған. Былай газ бәрінде бар».
Қала әкімдігі автогаз тапшылығын жоққа шығармайды. Оны зауыттағы жөндеу жұмысымен байланыстырады. Десе де бүгіннен бастап барлық бекеттерге газ таратылып жатқанын хабарлады.
«Қалаға автогаз алып келді. Қазір қаладағы газ құю бекеттеріне таратып жатыр»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Энергетика министрлігі газ тапшылығы жоқ ден сендіреді. Аймақтарға белгіленген мөлшерде газ таратылған. Ал оны бөлу жергілікті әкімдікті құзырында.
Дилара Иса






