12 үйді үптеп кеткен ұрылар ұсталды

127

Учаскелік полиция инспекторының жұмысы – халықпен жиын өткізіп, алдын алу іс-шараларын жүргізіп, қылмыстарды ашу ғана емес екені баршамызға белгілі. Мәселен Түлкібас ауданының учаскелік полиция инспекторы бірнеше сағат ішінде қылмысты ашып қана қоймай, аудандардағы үйлерді тонап, жалғасқан пәтер ұрлығын жасаушы күдіктілерді ұстады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Саламат Нұрмағамбетовке телефон арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, күндізгі 3-тер шамасында белгісіз тұлғалар үйінің есігін бұзу арқылы кіріп, жатын бөлмесінен 140 мың теңгесін ұрлап кеткенін айтады. Полицей орын алған ұрлық қылмысы жайлы кезекші бөлімге хабарлап, тез арада жедел-іздестіру іс-шарасына кіріседі.

Ауыл көшелерін аралап жүрген 27-жасар капитан араға жарты сағат салып, сақтық танытып, екі күдіктіні көзі шалады. Тәртіп сақшысы күдікке ілінген жас жігіттерден құжаттарын сұрағанда олар өздерін жайсыз ұстайды. Сонда учаскелік полиция инспекторы күдіктілерді жақын аймақтағы полиция пунктіне әкеледі.

Тексеру барысында, полиция қызметкерлері күдіктілердің шынында орын алған пәтер ұрлығына қатыстылығын анықтайды. Олар Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Аталған жайт Түлкібас АПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Дәлел ретінде айғақты заттар алынды.

Тергеу барысында полицейлер күдіктілердің бұдан бөлек осындай 18 бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы барын анықтады, оның ішінде 15 пәтер ұрлығы және 3-еуі мал ұрлығы болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түлкібас АПБ-нің басшылығы учаскелік полиция инспекторы С.Нұрмағамбетовтың қызмет барысында «нөлдік төзімділік» бойынша 67 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 12 адамды профилактикалық есепке алғанын атап өтті. Жыл басынан бері 8 қылмыстың ашылуына қатысып, 1 адамды іздестірген.

Түркістан облысы аумағында әрбір учаскелік аймақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторлары халықпен профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп, құқықтық кеңес беріп, қылмыстық және әкімшілік есепке алынған адамдарды тексеріп басқа да іс-шараларды ұйымдастыруда.