Арыс АПБ-ның кезекшілік «102» нөміріне Арыс аудандық балалар үйінің қызметкерлері хабарласып, 14 жастағы тәрбиеленушілерінің жоғалып кеткендігін хабарлайды.
Баланың жоғалған уақыты сағат шамамен 16:00 болғанымен, тәрбиешілер өздіктерінен іздеуге кірісіп, біршама уақытты өткізіп алады. Нәтиже болмағаннан соң, кешкі сағат 18:00-дер шамасында полицейлердің көмегіне жүгінген. Хабарлама түсе салысымен полицейлер кәмелетке толмаған ер баланы тездетіп табуға кіріседі.
Іздестіру жұмыстарына Арыс АПБ-нің учаскелік полицейлері, жедел уәкілдер мен басқа да құрылымдардың қызметкерлері жұмылдырылады. Полицейлер Арыс ауданының қоғамдық орындарының барлығын тексеріп шығады. Алайда, нәтиже болмайды. Арыстық сақшылар облысқа қарасты барлық қала, аудандарға баланың жоғалуы бойынша хабарлап, іздестіру жұмыстарын күшейтеді. Сонымен қатар, жоғалған баланың жақындары туралы мәліметтерді алып, олардан сұрастыру жұмыстарын жүргізеді.
Осылайша жоғалған жасөспірім шамамен түнгі сағат 01:00-лерде 136 шақырым жердегі Сарыағаш ауданынан, яғни аудан көшелерінің бірінде орналасқан жеңіл тағамдарды дайындайтын дүңгіршектің жанынан табылады. Полицейлер баланы полиция бөлімшесіне жеткізіп, денсаулығының жақсы екендігіне көз жеткізіп, психолог мамандарды шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оған қоса, тәрбиешіні де шақырып баланы дін аман табыстайды. Тәртіп сақшыларының айтуы бойынша, жасөспірімнің жоғалып кетуіне сыныптасы екеуінің араздасып қалуы себеп болған.
Жоғалған баланы тапқан Арыс АПБ-ның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы, полиция кіші сержанты Азамат Жәнібек Асқарұлы жасөспірімді сенімді қолға табыстағаннан соң, ертеңіне баламен қайта жолығады. Полицей балалар үйіне арнайы барып 14 жасар баланың көңіл-күйі мен хал жағдайын біледі. Сонымен қатар, басқа да тәрбиеленушілермен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Осы қызметте жүргеніме бүгінгі күнге дейін 3 ай болды. Бұл уақытқа дейін балалардың бұлай ескертусіз шығып кету жайты болмаған. Алдағы уақытта да осындай келеңсіз жайттардың болмауы үшін балалардың жағдайын жиі біліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұратын боламыз.», — дейді полицей А.Жәнібек.