2020 жылдан бастап берілетін жәрдемақы

1120

Апта басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек қалай берілетінін айтып, жәрдемақылар мен әлеуметтік пакетті таныстырды.

Министр 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге көлемінде белгіленіп, шекті өлшем күнкөріс деңгейінің 50-ден 70%-на дейін ұлғайтылғанын, жан басына шаққандағы орташа кірісі 20 789 теңгеден төмен отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар екенін еске салды.

– Биылдың 9 айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді, – деді Біржан Нұрымбетов.

Айтуынша, АӘК-ті заңсыз түрде алу үшін азаматтардың табысы мен бизнесін жасырғаны туралы жағымсыз фактілер де аз емес.
– Кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайдалануда. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық, – деді Нұрымбетов.
Енді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін, оның ашықтығын, әділдігі мен еңбекке деген уәждемесін қамтамасыз етеді.
– Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді, – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрлік әзірлеген заң жобасында көпбалалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған:
1) 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беру;
2) Отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайынғы АӘК тағайындау, бұл жағдайда отбасының жұмысқа жарамды мүшелері жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет жұмысқа орналасуға және бизнеспен айналысуға көмектеседі;
3) Мемлекеттің аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі: 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейін — мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
– Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден түсіп, 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық болады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін сараланған мөлшерде белгілеу ұсынылады. Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалуы тиіс, — деді министр.
Ал АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді.
– Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. 2020 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде белгіленді. АӘК мөлшері, бұрынғыдай, отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 % арасындағы айырманы құрайды, – деді Нұрымбетов.
Ол сондай-ақ, болуы мүмкін заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгеретінін атап өтті.
– Біз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдерді қайтарамыз. Учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтеміз. Әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тарта алады, – деді министр.
Біржан Нұрымбетов АӘК алатын барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
– Біз оларға мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарындағы бос жұмыс орындарын және жеңілдетілген микрокредиттер мен бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар алуды ұсынамыз. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады, – деді ол.