Базар ішіндегі төлем қабылдау құрылғысын бұзып, ақша жымқырған күдіктілер ұсталды

106

Келес АПБ-не жергілікті тұрғын, жеке кәсіпкер арызданады. Ол өз арызында базар ішінде тұрған төлемдерді қабылдау терминалының есігін белгісіз біреулер бұзып, ішіндегі 20 000 теңгеге жуық ақшасын жымқырып кеткенін көрсетеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркелді.

Аудандық полицейлер қоғамдық орында тұрған төлем қабылдау құрылғысын тонаушыларды ұстау, қылмысты ашу мақсатында шұғыл әрекет етеді. Білікті де тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер куәгерлерден сұрастырды, жақын аймақтарды аралап көріп, бейнебақылау камераларын тексеріп шықты.

Нәтижесінде, тәртіп сақшыларының тыңғылықты әрекет етуі барысында, алынған ақпарат көздерімен, бейнебақылау камерасы көмегімен күдіктілер анықталып, 24 сағат ішінде ұсталды. Күдіктінің екеуі де жергілікті тұрғындар,жұмыссыз жас жігіттер болып шықты.

Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер алдын ала сөз байласу арқылы ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында келісім жасасып, түнгі 03:00-дер шамасында базарға келіп, көше бойында және базар ішінде ешкімнің жоқтығына көздерін жеткізіп, пластик дүкенінің есігімен, төлем қабылдау құрылғысын өздері арнайы апарған бұрағышпен бұзып ашып, ішіндегі бар ақшасын алып кеткен. Ұсталған күдіктілер өз кінәларын мойындаған. Күдіктілердің бас шарасы «қолхатта».

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Өз кезегінде полицейлердің қырағылығына тәнті болған жәбірленуші өз алғысын білдірген. «Басыма іс түскенде, полициядан көмек сұрадым. Және үмітім ақталды. Кінәлілер ұсталды. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін»-деп жүрекжарды сөзін жеткізді.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көпшілік орындарындағы ғимараттарыңызға міндетті түрде бейнебақылау, дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді. Бұл ұрылардың жолын кеседі. Сонымен қатар, есіктеріне мықты құлыптар жасатып, терезелеріне темір орнатыңыздар. Ал, ұрлық жайтымен бетпе-бет келіп куә немесе құрбаны болсаңыз тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі