Отырар ауданының тұрғынынан 1400 түп сора тәркіленді

292

Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Көкнәр» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуі барысында Отырар ауданының барлық аймағын тексеріп, жүйелі жұмыстарды жүргізеді.

Облыстық полицейлер аталған жедел алдын алу іс-шарасын атқару барысында жергілікті тұрғынның ауласынан есірткі тектес өсімдік өсірілген алқаптың барын анықтады. Жедел тексерудің нәтижесінде егде жастағы ер адамның үйінде өсімдік тектес есірткі затын егетіні белгілі болды. Аталған жайтқа байланысты полицейлер шұғыл әрекет етіп, Отырар ауданы тұрғынының тұрғылықты үйін тексерді.

Полицейлер оның ауласынан 1400 түп есірткі тектес өсімдік пен үйінің асханасынан марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі. Тәркіленген заттар бірден сараптамаға жолданып, оның қорытындысы бойынша 1400 түп есірткі тектес өсімдіктің сора, 1,2 кг көкнәр және 800 грамнан астам кептірілген марихуана екендігі анықталды.

Аталған жайтты Отырар АПБ қызметкерлері СДТБТ-ға тіркеуге алып, ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» және 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша іс қозғалды. Бүгінгі таңда ұсталған күдіктіге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлердің анықтауы бойынша күдікті сораны ауласына егіп, күнделікті баптап өсіріп, содан соң кептіріп үйінің асханасында сақтаған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған жайтқа қатысты жинақталған құжаттардың барлығын дерлік сотқа жолданды.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі