Шымкентте «Қызды оң босағаға шығару» дәстүрін жаңғыртты

867

Ұлт ұйтқысы, шаңырақ шырайы – қыз баласын тәрбиелейтін ата-ана нені білуі шарт? Қызды үлкен өмірге дайындаудың сыры неде? Өткенді мазалаған, бүгінді мазалайтын көп сауалдың бірі осы. Перзент өсіріп отырған әрбір отбасының көкейіндегі сауалға жауап іздегенде, «бұрынғылар қайтті екен?» деп, тарихқа үңілеміз.

Міне, осы ізденістің бір жауабын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Педагогика және мәдениет факультетінің театр және эстрадалық шығармашылық кафедрасының аға оқытушысы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді насихаттаушы Майра Ормолдаева жаңғыртты. Қазақ этномәдениетіне қанық ана «Қызды оң босағаға шығару» дәстүрін насихаттады. Ата-баба дәстүріне сай, жөн-жоралғысын жасай отырып, 15 жасқа толған Нәзігіне оң босағадан арнайы орын берді. Қызды оң босағаға шығару дәстүрінің мәні де осы: қыз балиғат жасына толғанда оған оң босағадан арнайы орын береді, киімін, қажет затын бөлектеп, жатын орнын шымылдық құрып, көлегейлейді. Мұның мәнін тереңінен түсінген Майра Ақтөреқызы қыз тәрбиесіне үлкен үлес қосар дәстүрді қайта тірілтті.

Қазақ халқы қыз балаға қатысты жөн-жоралғының барлығын туып-өскен шаңырағында жасаған. Майра Ормолдаева ата-баба дәстүрінен айнымады. Келген жұртты қақпа алдынан ұлттық нақышта киінген нар тұлғалы жігіттер мен талдырмаш арулар қарсы алды. Ұлттық аспаптан әуен төгілді.

Үй ауласына тігілген киіз үйдің іші-сырты ұлттық нақышымен көмкеріліп, ұлттық киімдегі адамдар, дәстүрлі ән, қуанышқа жиналған әжелердің шашуы, бәрі-бәрі сәні мен салты келіскен кеш, тарихымызға оралып, қазақ ауылының әлеміне айналды.
Барша жұрт жиналған соң қыз баласын оң босағаға шығару дәстүрі басталды. 15 жасқа толған Нәзікті ортаға шақырмас бұрын әжесі оған жеңге сайлады. Ақ жаулықты ана келіндерінің арасынан ең үздігін балиғат жасқа толған немересін дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін таңдайды. Жеңгесі қайын сіңлісінің жүріс-тұрысынан бастап, қазан-ошақ міндетін, жар болудың қадір-қасиетіне баулып, дұрыс тәрбие береді.
Жеңге сайлаудың тағы бір сыры, қайынсіңлісімен сырласуында жатыр. Осы арқылы дұрыс жар таңдауына септескен.

Қаншама қазақ қызының үлгілі тәрбиесіне үлес қосқан ақ самайлы әже ибалы қалпымен көптің алғысына бөленіп, үлкендердің батасын алған үлгілі келіндерінің бірін арнайы сайлады.
Сосын жүзі бал-бұл жанған Нәзікті қонақ алдына шақырып, қыздың балиғат жасына толғанын білдіретін ұлттық әшекейлер тақты.

Ең алдымен үлкен жеңгесі қыздың мойнына бойтұмар тағып, сол қолының сұқ саусағына құсмұрын жүзік салды. Түрлі бағалы тастармен көмкерілген белдігі де жарасып-ақ тұр. Соңында бойжеткеннің қос бұрымына күміс шолпы тақты. Жиналған жұртқа шолпыны тек әшекей ғана емес, қыздың бой жетіп, оң босағаға шыққанын білдіретін басты нышан екенін түсіндірді.

Әрбір әшекейдің мән-мағынасын өңірімізге белгілі салт-дәстүр және әдет-ғұрпымызды насихаттаушылардың бірі Лейла Жұмабекқызы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Бойтұмарға аруларымыз құпия хаттарды сақтаған. Өйткені балиғат жасқа толған қыздың бойтұмарында арнайы хат жасыратын орын болған. Сондақтан да қыз ол тұмарын өзінен басқа ешкімге ұстатпаған. Ал, құсмұрын жүзіктің ерекшелігі – бұл жүзіктің тұмсығы жоғары қарап тұрса, қыздың басы бос екенін білдірген. Ертеде ешқандай да әңгімесіз қыз бойындағы осындай әшекейлер арқылы оның өмірдегі орнын білген. Бұл жүзіктің тағы бір кереметі – қыз ұзатылған кезде анасы осы жүзікті жасауымен бірге орамалға түйіп, қайын жұртына жіберетін болған. Арада уақыт өте құдағиы жүзікті қыздың анасына қайтарып жіберсе, демек қыз барған жерінде тәрбиелі, сыйлы, керемет келін болғанын білдірген. Құсмұрын жүзіктің үйіне қайтып келгеніне аналар ерекше қуанған. Қыз оң босағаға шыққанда ағасы қымбат бұйым сыйлайды. Ол – белдік. Қымбат тастармен көмкерілген белдікті «белдігіңді ешкімге ұстатпа» деген ырыммен сыйға тартқан. Соңында қыздың бойын түзейтін шолпысын әжесі тарапынан сайланған жеңгесі қос бұрымына арнайы сылдырлата тағады. Көрдіңіз бе, әрбір әшекейдің өзінде үлкен мән-мағына, тәрбие жатыр. Ата-бабамыз тектен-текке ештеңе жасамаған. Қыз 13 жасқа дейін өзімен қатарлас ер балалармен асыр салып ойнап жүре береді. Қыз 13-ке толғанда оның бойжеткенін, әлеуметтік мәртебесін өзгергенін білдіру үшін туған-туыс, жақындары арасында осындай ерекше дәстүр – қызды оң босағаға шығару дәстүрі жасалатын. Бұл да бір кішігірім той. Енді қыздың тәрбиесіне, өнегесіне өзге ортада өзін ұстауына, икемделуіне жеңгесі жауап береді. Қазір қыз бала тәрбиесіндегі олқы тұстарды осы дәстүр арқылы толтыруымыз керек. Халқымыз қыз баласының тәрбиесіне аса көңіл бөлгендігін еске алып, дәстүрді заманға сай лайықтап, күнделікті өмірге енгізсек, қыз тәрбиесіндегі кейбір өрескел жағдайлар орын алмас еді. Сондықтан да біз бүгінгі дәстүрді педогогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ұстазымыз марқұм Нәсіпхан Камалқызының көп жылғы еңбектерінің негізінде жүзеге асырып отырмыз,-дейді Лейла Жұмабекқызы.

Ақын Абай «Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» дегендей, Киіз үйдің ішінде отырған адам сырттан келе жатқан қыздың шолпысының сыңғырынан оның мінезін бағамдаған. Егер қызымыз ақырын жүріп, шолпысының сыңғырын бабымен келтірсе, оның тәрбиелі қыз екенін үнсіз аңғарған. Сол себепті қыздар шолпысының дауысы ақырын шығуы үшін өзін байыпты, тәрбиелі, өнегелі ұстаған.
Міне, бір ғана шолпының қыз тәрбиесіне тигізер құдіреті қандай?

Майра Ормолдаеваның шаңырағында өткен «Қызды оң босаға шығару» дәстүрінде құдайы қонақ көп келді. Арасында белгілі драматург Сая Қасымбек те бар. Қазақ халқының әрбір салт-дәстүрінің ғылыми негізі бар екенін айтқан драматург: «Рухани жаңғыру – осындай істерден бастау алса, ұлттың сақталуына қорқыныш жоқ» дейді.
– Мынау жаһандану заманында әлеуметтік желі арқылы Жер шарындағы барлық жаңалықты сол сәтінде-ақ естіп-біліп отырамыз. Қазақ халқы ғасырлар бойына қалыптастырған салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасы тереңде жатыр. Дәстүр арқылы адамдар жаңалықтан хабар алып отырған десек те болады. Қызды оң босағаға шығару дәстүрі ең алдымен қызға эстетикалық тәрбие береді. Екіншіден, ауыл адамдары шашбаудың сыңғырын алыстан естігенде «әй, қыз келе жатыр» деп бейәдеп сөзден тыйылған. Қызды қатты құрметтеген. Үшіншіден, «пәленшенің оң босағасында қыз бар екен» деп жан-жақтан айттырушылар келе бастаған. Демек сол үйдегі қыздың болашақ жарын табуға бірден-бір жол ашатын да дәстүр болған. Шашына шашбау тағылып, жеңгелерімен сырласып жүрген кезде ол қыз сол уақыт аралығында келін болу, ана атану жолында тәрбиеленеді. Мысалы, ата-енеге құрмет, күйеуінің алдындағы парызы, отбасындағы орны және түрлі салт-дәстүрді үйреткен. Қазір ат тергеу дәстүрі жойылып барады. Мұны да сол кезде қыздың миына құйып, тәрбиелеген екен. «Көргенді жердің қызы» деген сөз осыдан қалған ғой. Әжесі мен анасының ақылын естіп, жеңгесінің тәрбиесін көріп өскен қыз барған жеріне міндетті түрде сыйлы бола білген. Содан болар, бұрын қазақта ажырасу мүлдем болмаған. Бұл дәстүр әрбір шаңырақта жаңғырып жатса, қандай керемет. Майра ханым керемет дәстүрімізді қайта бастады. Енді жалғасын тапса екен,- дейді Сая Қасымбек.
Қыз тәрбиесі – ұлттың адаспай ұлт болып қалуының негізі емес пе? Бұл дәстүр осы сөздің айғағы іспеттес. Жиналған ел әдет-ғұрып және салт-дәстүріміздің қайта жаңғырғанына қуанды. Ұлт болмысы – әдет-ғұрып, салт-дәстүрі сақталуынан ғана көрінетінін түсінетін қауым қазақилықты тек сол болмысымызды жаңғыртумен ғана сақтап қалатынымызды алға тартады.

Келіспеске дау бар ма?!

Қазақы салт бойынша қыз бала бой жетіп он екіге толған шағында үйдің оң босағасынан арнайы орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығын, жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл дәстүр «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған. Оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде «шымылдық», ал шымылдық ішіндегі қыздың орны «көсеге» делінген. Бойжеткен ару ұзатылғанда көсегесін жасаумен бірге алып кететін болған. Осы орайда ел арасында «көсегең көгерсін» деген сөз содан шыққан.
Жалпы алғанда қыздарымызды жастай оң босағаға отырғызудың үлкен ғылыми негізі бар. Сонымен қатар шаңырақ ұйытқысы болып, барлық іске икемділігін жоғарылатады. Барған отаудың берекесін тасытып, ел анасы атанады. Дана қалпында көрегенділігін байқатып, айналасына шуағын төгеді. Өзі жиған дүниесінен көңілі ауған құрбысы мен қайынсіңлілеріне сыйлық үйлестіреді. Ерінің керек жарағын дайындап, түздегі азаматына тілеулес болады. Мұның барлығы бала күнінен анасынан көрген тәлімін аңғартады.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №43 (23.10.2019ж)