Түркістан ҚПБ-не бірнеше жергілікті тұрғындар арызданып, тұрғын-үйлеріне белгісіз азаматтар терезе арқылы кіріп, ұрлыққа түсіп, бағалы заттарын жымқырғанын көрсетеді.
Соның ішіндегі бір тұрғынның үйіне түнгі уақытта кіріп, түнгі уақытта үстел үстінде тұрған құны 200 000 теңге тұратын ноутбугын ұрлап кетсе, келесі тұрғындардан теледидар, қымбат бағалы тондар, сырт киімдерді жымқырып отырған. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 1 миллионнан астам теңгені құрады.
Аталған жайттар Түркістан ҚПБ-мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Тұрғын-үйге ұрлыққа түсушілерді анықтау, қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі де білікті полицейлерден арнайы топ құрылды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полицейлер, жақын аймақтарды аралап шықты, көрген-білгендерден сұрастырды, бейнебақылау камераларын тексеріп шықты. Нәтижесінде, алынған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке-басы анықталды. Күдіктілердің екеуі де жұмыссыз, жергілікті тұрғындар болып шықты.
Полицейлердің қырағылығы арқасында жас жігіттерден құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар өз кінәларын толық мойындап отыр. Ұрланған заттар айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Тәртіп сақшыларының анықтауынша күдіктілердің екеуі де бұрын сотты болған. Бірі ұрлық жасап, екіншісі қарақшылықпен істі болған көрінеді. Қазіргі таңда күдіктілердің 3 дерекке қатыстылығы анықталып отыр. Және бұдан басқа да істерге қатыстылығы тексерілуде. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға ұрылардан сақ болып, тұрғын-үйлеріңізге бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар, ұрылардың жолын кесу мақсатында есіктеріңізге мықты құлыптар, терезелеріңізге темір тор орнатуды ескертеді. Егер үйіңізге ұры түсіп, мал-мүлкіңіз ұрланса, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.