Түркістан маңын бұқар бұғылары мекендейді. Қайдан, қалай көреміз?

498

Түркістан қаласынан 32 шақырым қашықта жүздеген бұқар бұғысы мекендейтінін біреу білсе, біреу білмейді. Естігені сеніп кетпейді. Тіпті Түркістан қаласы мен сол маңдағы ауыл тұрғындарының да аз-кем хабары бар демесеңіз, сол бұғыларды көргені аз. Өйткені, асқақ та кербез жануарлар аяқ жетуі азап, тауып бару қиын, қалың тоғай басқан 322 гектар түбекті жайлайды. Түбек ішінен сымтор тартылған 22 гектар қоршау бар. Қоршау сыртындағысы Сырдың суын ішеді, нуына енеді. Іштегісі бұғышы Мұсаханның қолына қарайды. Бұғышы берген жем-шөпті қорек етіп, құдықтан тартылған суды ішеді. Мұсахан бұғышының бұғы түбекке келгеніне 17 жыл болған. Содан бері Бұқар бұғыларымен бірге жасап келеді.

Алпысты алқымдаған Мұсахан Жүзеевтің әр күні қоршау ішіндегі 84 бас бұқар бұғысын жемдеуден басталады. Қоршау қақпасының жанындағы ағаш үйшіктен кебек алып, ұн қосып, сумен қарып-қарып, арбасын сүйрете қоршау ішіне кіреді. Қақпадан 50 метр қашықтағы дөңес үстіне қойылған астауларға бет алады. Сүйреткен арбасының дыбысын естіген бұғылар да тоғай ішінен елең-алаң басын көтеріп, астау жаққа көз салады. Шағын бойлы, жүзі күнге тотығып, еңкіш басқан бұғышыны көреді. Бұл кезде бұғышы да қатар қойылған бірнеше астаудың оң жақ шетіне жетеді. Арбадағы жемді шелекпен алып, астауларға қалыңдатып салады. Бұғы үйірінің алды сақ-сақ басып, жем салынған астауға жақындайды. Қоршаудағы барлық бұғы осылайша астауға жетіп, айнала үйіріліп, жемін жейді. Астау бұрышында үнемі тұратын қаратұзды жалайды.

ЕЛБАСЫ сыйлаған 8 бұғы

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің (МӨТП) Түркістан филиалындағы «Бұқар бұғысы тұқымбағында» бұқар бұғыларына қарайтын Мұсахан бұғышының таңғы сағат 09:00-де басталатын әрбір күні кешкі сағат 18:00 шамасында тағы қайталанады. Басқа уақытта тәлімбақтың еш таусылмайтын мың сан жұмысына жүгіруімен, қас қараяды.
– Мұнда 2001 жылдың басында келдім. Содан бері осы бұғыларды бағамын. Сол жылы 31 мамырда Байдәулет Рысбек есімді кәсіпкер жігіт 3 бас бұқар бұғысын сыйлады. Бәрін зообақтан алыпты. Біреуі – аталық, екеуі – аналық еді. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның 1500 жылдығына 8 бас бұқар бұғысын сыйлады. Соларды әкелді. Тағы бір кәсіпкер жігіт 6 бас бұқар бұғысын берді, – дейді Мұсахан бұғышы.
Сонау 2000 жылы Сырдария өзенінің жағасындағы мемлекеттік орман қоры жерінен «Бұқар бұғылары тұқымбағы» құрылды. Қазақстанда алғаш ашылған тұқымбаққа Н. Назарбаев сыйға тартқан бұғылар Іле өзенінің жағасындағы «Қарашеңгел» мемлекеттік аңшылық шаруашылығынан әкелінген. Одан бөлек кәсіпкерлер сыйлаған бұғылар бар. Сол 17 бұғының бас саны қазір 155-ге жетті.
– 2005-2006 жылы Сырдың суы қатты тасып, тәлімбақ аумағын су басты. Бар бұғыны Шымкент зообағына алып кетті. Екі жыл сонда тұрды. Мен де бірге барып, зообақта да олардың жем-шөбін беріп, күтімін жасадым. Тек 2007 жылы бұғыларды қайтадан осында әкелдік, – дейді бұғышы Мұсахан.
Зообақтағы бұғылардың жай-күйі нашар болған. Тар қоршау. Қала шуы. Қала ауасы. Тек тұқымбаққа әкелгеннен кейін ғана Сыр суының кермаралдары табиғи ортасында көбейіп, саны молая бастады.

Бастапқы қоршау 2 гектар ғана болған

– Қазақ халқы бұғының еркегін «бұғы» десе, ұрғашысын «марал», ал төлін «қодыға» деп атайды. Бұлардың күйек кезі тамыз соңында басталып, қазан ортасына дейін жалғасады. Сол кезде аталықтары бақырған дауыс шығарып, ұрғашысына таласады. Бір-бірімен сүзісіп, үйірге кім иелік ететінін анықтайды. Күйек кезінде бір-бірімен сүзіседі. Сүзіскенде бір біріне мүйіздері кіріп кететін жағдай болады. Алдыңғы жылы солай өлген бір бұғының басын кесіп алып, кеңсеге апарып қойды. Сиыр сияқты ғой. Сиыр 9 айда туса, бұлар 8 айда, мамырдың соңында туады. Қалың тоғай ішіне барып төлдейді. Көрсетпейді. 7-15 күнге дейін жасырып қояды. Лағы өте әдемі, теңбіл-теңбіл болады. Туа салып, тез аяқтанады. Жылына төлдейтін аналық саны да әрқалай. Былтыр 12 бас аналық төлдесе, биыл 9 бас аналық, оның бесеуі іште, төртеуі сыртта төлдеді, – дейді бұғышы.
Мұндағы ішкі қоршау, сыртқы қоршау бөліп-жарып қараудың мәнісі мынада. Әуел баста, яғни 2001 жылы тұқымбақ құрылған кезде қоршау аумағы 2 гектар ғана болған. Бастапқы бұғылар сол 2 гектар қоршауда ұсталған. Кейін 2007 жылы қоршау аумағы 22 гектарға ұлғайтылып, сол кезде 10 бұғыны сыртқа жібереді. Жалпы тұқымбақ Сырдария өзенінің ішіне ентелей кіріп жатқан 322 гектар түбекте орналасқан. Оның ішінен 22 гектары тұтас қоршалса, сыртқысының тек бір жақ шеті қоршалып, қалғаны дариямен шектесіп жатыр.
– 2007 жылы Алматыдан 10 бұғы әкелініп, оны әуелі санитарлық қоршау ішінде ұстады. Сосын оларды ішкі қоршаудағы бұғыларға қоспай, сыртқа жіберді. Ішкі қоршауда бөлек 17 бас болды. Міне, қазір ішкі қоршауда 84 бас, ал сыртта 71 бас бұғы бар. Бәрі де сол іштегі 17, сыртқа жіберілген 10 бұғыдан өсіп-өніп, көбейген. Сырттағыларының күйі жақсы. Бұл өзі түбек жер. Қалта сияқты. Қалың тоғай. Сырттағылары Сырдың суын ішіп, жерден шөп жеп, емін-еркін жайылады. Ал қоршау ішіндегілері қорада қолға қарайды. Екі мезгіл жем-шөп береміз. Таңертең-кешке су құямыз. Іштегілерінің аталығы көп, аналығы аз. Қора ішінде түрме сияқты ғой. Еркін шағылыспайды. Содан теке көп. Биыл мамырда туғанының нешеуі теке екенін білмейміз. Келесі жылы мүйіз шығып бастайды. Содан анықтаймыз. Ал сырттағыларының аналығы көп. Сыртта 10 бас аналық бар. Іште 6-7 аналық бар. «Ішкі қоршаудағыларының біразын тағы да сыртқа шығарамыз» деп жатыр. Ол қиын. Бұғыны ұйықтатын дәрімен атып, сосын барып, ұстайды. Әйтпесе қиын. Кезінде де солай дәрімен атып, ұйықтатып, жәшіктерге салып, әкелген. Бұл жерді су алғанда зообаққа да солай алып барды. Ол жақтан қайтадан солай әкелді. Біразы сол кезде өлді. Өйткені, ұйықтататын дәрімен атып, ұйықтатып, жәшікке салады. Сол кезде дозасы көп болып, өліп қалды. Әкелері де тағы солай өлді. Дозасы көп болып кеткен. Ондай шығын болады ғой. Егер дозасы жетпесе, құламайды. Ұйықтатып, 15-20 минутта ұстап, жәшікке салып үлгермесең, тұрып кетеді, – дейді Мұсахан.

«Оңайлықпен ауырмайды. Ауырса – тұрмайды»

Әуелде біразы қоршауға үйренбей, барып сымторға соқтығысып, жем-суға келмей, біраз уақыт жатсынған екен. Кейін үйреніп, енді міне осында туып-өскендері жергілікті тұрғынына айналған.
– Бұрын алыстан көрсе, қашатын. Қазір үйреніп, жақындайды. Арасында бұрыннан жүрген аналықтары бар. Алдын 2 гектар қоршау кезінде ұстап, өзім ен салған екі-үшеуі бар. Сол кезде ұстап, ұрғашы не еркегін анықтап беретінбіз. Қазір 22 гектардан ұстай алмайсың. Тым биікке, жылдамдығын үдетіп келіп, 4-5 метрге секіреді. Төтенше жағдай болмаса, ауырмайды. Күйек кезінде күш алуы үшін дәрумендер, балық майы, тағы басқа дәрі беріледі. Өлгенін бауыздамаймыз. Ветеринар дәрігерден құралған комиссия бар. Солар тексереді. Өмір сүру ұзақтығы – 16-17 жыл. Сосын қартайып өледі. Күніне бір адам кіріп-шыға берсе, соған үйренеді. Оңайлықпен ауырмайды. Ауырса, қайта тұрмайды. Ауырса, мал дәрігеріне айтамыз. Комиссия тексереді. Бауыздамаймыз. Көреді. Сояды. Ішек-қарнын алады. Анализге апарып, тексереді. Сосын көміп тастаймыз. Аталықтары адамға айбат қылады. Шабуылдамайды. Алыстан тісін қайрап тұрады. Сырттағыларының дене бітімі ірі, әрі күштірек болады. Өзінше жүріп жайылады. Түстері де басқаша. Сыртқа шығарса, табиғатқа еркін бейімделеді. Басқа жаққа ауып кеткенімен де күйек кезінде, қыста қайтып келеді. Мына түбектің аяғында дария ағып жатыр. Одан қалай болса солай өтіп кетеді, – деді Мұсахан бұғышы.

«Бұрын да бұғылар мекендеген. Атып тауысқан»

Өңірлік парктегі негізгі міндеттің бірі: ол – жан-жануарларды сұғанақ қол браконьерлерден қорғау. Сырдария жағасындағы тоғайды өткен ғасырдың орта тұсына дейін бұқар бұғылары емін-еркін жайлаған. Кейбір деректерге қарағанда, осы Сыр бойындағы тоғай арасын мекен еткен бұқар бұғыларының ең соңғысын 1956-57 жылы атып алған. Содан бері бұл өңірде бұқар бұғысы жоқ еді. Тек тұқымбақ құрылғанынан кейін қайта пайда болды. Қазіргі таңда Бұқар бұғысы Қазақстанның және Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітаптарына еніп, қорғауға алынған. Парк аумағында бұқар бұғылары мен одан да басқа тіршілік иелерінің қалай қорғалатыны туралы «Сырдария-Түркістан» МӨТП Түркістан филиалының аң қорғау инженері Көшербай Молдалиев былай баяндайды.


– Осында келіп, жұмыс істегеніме 12 жылдан асты. Тоғайда тораңғы, жиде, жыңғыл, өзенге жақын ешкітал өседі. Қырғауыл бар, қабан, бұғыларымыз бар. Барлығын браконьерлерден қорғаймыз. Сыртқа, түбекке шығарған бұғылар сонау Арал, Жаңақорған жеріне дейін барып, қайтады. Күйі жақсы. Сондағы инспекторларға дайындадық. Қазір бұғыларды ешкім атпайды. Сырттағыларды ату да қиын. Өте сақ жануар. Бір жылт етіп көрінеді де жоқ болып, қалыңға сүңгіп кетеді. 2-3 жастан бастап жыныстық жетіледі. Күйек басталғанда сырттағылары осында келеді. Ақырады, бақырады. Бірін-бірі іздейді. Мына қоршаудың сырт жағында тұрып, іштегілермен сүзіседі. Сол кезде қоршауды бұзып, теседі. Сымторды жыртып жібереді. Басқа сымтор әкеліп, қайта құрамыз. Одан бөлек іштегісі де сырттағысы да өзара мықтыны анықтап, қатты сүзіседі. Жеңгені, үйірге қожайын болады. Ит-құсқа оңайлықпен алдырмайды. Бұта-бұта, шеңгел-шеңгел үстінен секіріп кете береді. Мұнда қасқыр, шибөрі мекен етеді. Мүйіздері қайратты. Сүзісіп, бірін біріне мүйізін қарнына тығып алмаса, былай өлмейді. Бұрын сондай оқиғалар болды. Сыртқы қоршауда жүргенін санағанымызда 71 деп отырмыз. GPS чип орнатпағанбыз. Сыртта да астау бар. Сырттағылары сонда жем жеуге келеді. Көк шөп бар кезде келмейді. Іштегілеріне шөп береміз. 22 гектар болғанымен жердегі шөпті аяғымен таптайды. Сондықтан не кеңейту керек, не аталықтарын сыртқа шығару керек. Сонда қоршау іші кеңейеді. Бұғылар қызыл мия, қамыс жейді. Іштегілеріне суды құдықтан тартып беріп жатыр. Сол ішкі қоршаудың бір бөлігін дарияға кіргізсе, жөн еді. Сонда бұғылар шомылады. Дарияның суын ішеді. Қоршау шетін дарияға қосуға ұсыныстар жасалып жатыр. Ал қабандар тоғайда, қалың ішінде жүреді. Қырғауыл бағатын тұқымбағымызға 13 бас қырғауыл әкелгенбіз. Біразы биыл балапан басты. Келер жылы тағы көбейтеміз. Көктемде Сырдың суы тасиды. Бірақ, мына ішкі қоршауға жетпейді. Кезінде су тасығанда ішкі қоршаудағы астаулар тұрған дөңді қолдан жасадық. Бұл түбекке жақын маңда ел жоқ. Ең жақыны Қызылшаруа деген ауыл, – дейді Көшербай Молдалиев.

Арыс өзені бойынан тағы бір тұқымбақ салынып жатыр

Өңірлік парктің Сырдария, Түркістан және Боралдай атты үш филиалы бар. Сол филиалдың барлығында 230 адам қызмет етеді. Ал Түркістан филиалының Бұқар бұғысы тұқымбағында үш адам: бір бұғышы, екі көмекшісі жұмыс істейді. Бұған қоса филиал тарапынан тұқымбақтағы жануарларды бақылайтын мал дәрігері бар. «Сырдария-Түркістан» МӨТП жануарлар әлемін қорғау бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Опабектің айтуынша, алда ішкі қоршаудағы бұғылардың бір бөлігін Арыс өзені жағасынан салынған тұқымбаққа жіберу жоспарланып отыр.


– Былтыр өңірлік парк аумағында тағы үш тұқымбақ қолданысқа берілді. Соның біріншісі – Сырдария филиалы аумағынан, Арыс өзені бойында 10 гектар аумаққа тұқымбақ салынды. Осы жақтан 10 бұқар бұғысын сонда көшіру жоспарланған. Өйткені, бір гектарға арнайы бекітілген рацион бар. Бір гектарға 3 бұғыдан белгіленген. Енді қоршаудағы бұғылардың біраз бөлігін Сырдария тұқымбағына ауыстырамыз. Екіншісі, сібір елігі тұқымбағы. Ол да Сырдария филиалында Арыс өзені жаңасынан салынған. О, жаққа сібір елігін Алматыдан, Іле Алатауынан әкелеміз. Бұл үшін арнайы ұсыныс әзірлеп, Жануарлар дүниесін қорғау комитетіне жолдадық. Үшіншісі, қырғауыл тұқымбағы. Ол Қызылшаруа маңында орналасқан. Қазір онда 32 қырғауыл бар. Қырғауыл санын 1000 басқа жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Мейрамбек Опабек.

Бір бұғының құны – 1,5 млн теңге

Тұқымбақтағы бұғылардың нарықтық құны әзірге белгіленбеген. Мұның да өз себебі бар екен.
– Бұғылардың нарықтық құнын әзірге нақты белгілемедік. Келер жылы бір бас бұқар бұғысының нарықтық құнын 1 500 000 теңге деп белгілеу жоспарланып отыр. Бұғыларды сыртқа бермейміз, өйткені бас санын әлі де көбейтпекпіз. Алда 1000 басқа жеткізу жоспарланған. Сол жоспарға сай жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін қалалық зоопарк сұратқан. Бермедік. Бұғыларға gps чип орнату жағы қарастырылып жатыр. Бұған дейін браконьерлердің бұқар бұғысын аулау әрекеттері кездеспеді. Мүйізінің емдік қасиеті жоқ екені зертханалық тексеру барысында дәлелденді. Бәрі де басшылық тарапынан қатаң қадағаланады. Тұқымбақтағы бұғылар қазір аз да болса адамға үйренген. Бұрын әуеден квадрокоптермен түсіру қиын болатын. Қазір оңайлады. Үркіп қаша бермейді, – дейді Мейрамбек Опабек.

Тұқымбаққа апаратын 9 шақырым жол салынады

Бұқар бұғылары тұқымбағы туралы естіген көптің бәрін болмаса да, біразын сонда қалай жетуге болатыны қызықтырады. Түркістаннан 32 шақырым қашықтағы тұқымбаққа жету оңай емес. Жарты жолға асфальт тұрмақ тас та төселмеген. Сор басқан тоғай арасынан тұқымбақты табу қиын. Жолбасшысыз келгені таба алмай қайтуы да әбден мүмкін. Мейрамбек Опабектің айтуынша, мұнда бұқар бұғылары бар екенін көбісі білмейді. Келетіндер де аз. Бұған тұқымбаққа апаратын жолдың нашар екені де себеп. Осы орайда тұқымбаққа турист тарту үшін не істелетінін «Сырдария-Түркістан» МӨТП туризм бөлімінің меңгерушісі Ғани Назарбек айтып берді.


– Парк аумағының инфра-құрылымын жақсартамыз. Келесі жылы Қызылшаруа елдімекенінен «Бұқар бұғысы тұқымбағына» апаратын 9 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Сөйтіп, бұқара мен туристік ұйымдар арасында өңірлік паркте бұқар бұғылары мекендейтінін насихаттаймыз. Сырдың суы үнемі толып тұрмайды. Жаз-күз мезгілдерінде жолаушылар қайығын жүргізу қауіпті. Сондықтан су жолдарымен турист апару қиын. Ал «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне, соның ішінде бұқар бұғыларын көруге келгісі келетін азаматтар парк әкімшілігіне хабарласуына болады. Барлық мәліметті өңірлік парктің www.stgrpp.kz сайтынан біле алады. Өңірлік парк аумағына кіру ақысы – 442 теңге. Оқушыларға 50% студенттерге 25 % жеңілдік бар. Көлік қажет болса, оны жалдау ақысы адам санына байланысты белгіленеді. Бір адамға шамамен 1000-5000 теңге аралығында тура келеді,-дейді туризм маманы Ғани Назарбек.

Алғаш әкелінген үш бұғы: Дастан, Арай, Мөлдір

Әңгімеміздің соңына қарай бұғыларды атын атап шақыру үшін оларға ат берген-бермегенін де сұрадық. Сөйтсек, бұрын бұғыларға ат берген екен.
– Ең әуелі зоопарктен үш бас бұғы әкелгенін айттым ғой. Сол үшеуіне ат қойдым. Еркегіне Дастан, екі ұрғашысына Мөлдір, Арай деп ат бердім. Біреуі баламның, екеуі немерелерімнің есімдері. Әбден қолға үйренген жуас бұғылар еді. Қолымнан печенье берсем, келіп жей беретін. Олар қазір жоқ. Қартайып, өлді. Мына қазіргі бұғылар сол үшеуі және Елбасы сыйлағандарынан көбейді ғой. Бас саны молайған соң мен де ат беруді қойдым, – дейді бұғышы.
Мінеки, ел арасында «тоғай бұғысы» деп те аталатын бұқар бұғылары тіршілік етеді. Бұл жер олардың байырғы қонысы. Өз мекені. Эндемик жануары. Кезінде Сырдария мен Әмудария жағасында мыңдап жайылған бұқар бұғылары жөнінде тек аңыз ғана қалған.
Қазір адам баласы кезінде өзі жойған жаратылысты енді қайта өзі қалпына келтіруге тырысып жатыр. Бұл істе Мұсахан бұғышының да үлесі зор. Үшінші мыңжылдықтағы бұғытүбекті бұқар бұғыларының табиғатпен біте қайнасып көбейіп келе жатқанына өзі куә. Өткен наурызда 60 жасқа толған азамат мұнда Қызылорда облысынан көшіп келген. Балалары осында есейіп, алысқа кетпей, әкесінің жолын жалғаған. Тұқымбақтағы бұғышының қос көмекшісіне айналған.
– 2001 жылдан бері отбасымызбен осындамыз. Жалғыз үй тұрамыз. Вагон бар. Жауын-шашын, қыс ауасында қиын. Қалаға қатынас нашарлайды. Сор топырақ жол батпаққа айналады. Жазда аз да болса туристер, оқушылар келеді. Келушілерді кіргізіп, көрсетеміз. Арнайы қона жатуға арналған үйшік салып қойған. Жатын орын алатын болса, соны жалға алып, жатады, – дейді бұғышы.
40 мың теңге шамасында айлық алады. Аз. Десе де соны қанағат етеді.
– Зейнетке шыққан соң бұғышы кәсібімді балаларыма қалдырамын. Екі балам көмекшім. Біздің мақсат – бұғыларды осында жерсіндіріп, еркін табиғатқа шығару. Санын көбейту. Кезіндегі үйір-үйір жайлаған бас санын қалпына келтіру, – дейді Мұсахан бұғышы.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №43, 23 қазан 2019 ж